Прокурорлар кәсіпкерлерге заңсыз қозғалған 77 қылмыстық істі тоқтатты
Биыл прокурорлар кәсіпкерлерге заңсыз қозғалған 77 қылмыстық істі тоқтатты. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Осы жылдың басынан бері прокурорлар кəсіпкерлерге қатысты заңсыз басталған 77 қылмыстық істі тоқтатты. Жалпы қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар фактілер бойынша тергеп-тексеру жүргізу қылмыстық сот ісін жүргізудің міндеттері мен қағидаттарына негізделеді. Мəселен, қылмыстық процестің міндеттері қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесу, бейтарап, тез жəне толық ашу, тергеп-тексеру, оларды жасаған адамдарды əшкерелеу жəне қылмыстық жауаптылыққа тарту, əділ сот талқылауы жəне қылмыстық заңды дұрыс қолдану, адамдарды, қоғамды жəне мемлекетті қылмыстық құқық бұзушылықтардан қорғау болып саналады», - деді Бас прокурор жауабында.
Осы ретте ол заңнамамен қылмыстық істердің жүргізілуін жəне тоқтатылуын болдырмайтын нақты жағдайлар мен мəн-жайлар көзделгеніне назар аудартады.
«Осыған байланысты заңды негізде басталған сотқа дейінгі тергеп-тексерудің мəн-жайларын жан-жақты, толық жəне объективті зерттеу қажеттілігін ескере отырып, экономикалық себептер бойынша тіркелген барлық қылмыстық істерді тоқтату мүмкін емес. Сонымен бірге прокуратура органдары бизнес субъектілерінің заңсыз қылмыстық қудалау фактілері анықталған жағдайда, заңдылықты бұзушылықтардың жолын кесуге немесе жоюға барлық қажетті шараларды қабылдайды»,- деді Берік Асылов.