Прокурорлар Қазығұрт ауданындағы 4 мың 506 жасөспірімнің құқықтарын қорғады
АСТАНА. 18 наурыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт аудандық прокуратурасы 31 білім беру ұйымдарында кәмелетке толмағандардың құқықтарының қорғалуына тексеру жүргізіп, бірқатар жайтты анықтады.
Бұл туралы ҚазАқпарат Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, тексерулер барысында аудандық 10 мектепте температуралық режим мүлдем нормаға сай келмейтіндігі, мектептердің сынып бөлмелерінде температура 13,0-14,0 градус, ал бастауыш сынып бөлмелерінде тіпті 12,5 градус екендігі анықталған. Бұл көрсеткіш Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің 25.10.2010 жылғы №834 бұйрығының 7-бөлігінің 48-тармағына мүлдем сай келмейді. Тексеру нәтижесімен, 3 мектеп басшылығына ұйғарымдар беріліп, мектептердегі қазандықтардың күші тез арада көбейтіліп, барлық мектептің жылуға жауапты 10 қызметкерлеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 323-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, 219 мың 240 теңге мөлшерінде айыппұлдар салынды. Бұдан бөлек, аудандық прокуратура аудан әкімінің атына жолданған ұсынысты қарау нәтижесінде барлық мектептердің температуралық режимі нормаға сәйкестендіріліп, 12 тұлға тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды.
Жалпы алғанда прокуратураның араласуымен аудандағы 4 мың 506 жасөспірімнің құқықтары қорғалды.