Прокурорлар медицина мамандарына қатысты қылмыстық іс қозғау үшін 45 материалды құқық қорғау органдарына жолдады
АСТАНА. Қыркүйектің 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде азаматтарға көрсетілетін сапасыз медициналық көмектердің көлемі азаяр емес.
Бүгін прокуратура қызметкерлерінің денсаулық сақтау саласының қызметіне байланысты жүргізген тексерулерінің нәтижелерін жария еткен Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Н. Сүйіндіковтыңкелтірген деректеріне қарағанда, Батыс Қазақстан облысындағы ауруханалардың бірінде сырқаттар адамдар жүретін орындар мен дәліздерге жатқызылып келген. «Жалпы тұрғындарға сапасыз қызмет көрсету әрекеттері республиканың барлық аймақтарында орын алып отыр. Сондай-ақ кейбір медициналық мекемелерден медициналық аппараттардың бос тұру жағдайлары да анықталды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысының Зыряновск ауданындағы туберкулез ауруына қарсы диспансерде рентген жүйесі бос тұрса, Қостанай облысының Алтынсарин және Әулиекөл аудандарындағы ауруханаларда электрокардиостимуляторлар жұмыссыз тұр. Ал Ақтөбе облыстық туберкулезге қарсы диспансерде 55 миллион теңгенің аппараты ешқандай пайдаға аспаған», деді ол.
Ресми өкілдің айтуынша, прокурорлық тексерулер негізінде 542 ұсыныс шығарылып, 1 мың 426 адам түрлі жауапкершіліктерге тартылған. Сондай-ақ 1 мың 99 адам - тәртіптік, 222 адам әкімшілік жауапқа тартылып, 105 адамға айып салынған. Құқық қорғау органдарына қылмыстық іс қозғау үшін 45 материал жолданған.