Прокурорлар өңірлерде халықты қабылдайтын орталықтар ашады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы облыстық, аудандық прокуратураларда халықты қабылдайтын орындар ашылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі жалпы отырыста ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Осыдан бір ай бұрын Бас прокуратурада халықты қабылдайтын арнайы орталық аштық. Онда адамдардың тіпті сотқа жаза алмай жүрген арыздарын жазып беріп отырмыз, бірақ бұл біздің міндет емес. Олардың ақшасы жоқ, өйткені адвокаттардың қызметі қымбат. Бұл заң жобасын қабылдасаңыздар, біздің басты міндет - ол халықтың сенімін ақтау», - деп тоқталды Бас прокурор.
Оның сөзіне қарағанда, халықты қабылдайтын орындар барлық облыстық орталықтарда құрылады, алдағы уақытта сонымен қатар аудандар мен қалаларда да болады.
«Екі айда Бас прокуратурада бірінші қабатты толық халыққа беретін боламыз. Олар еш кедергісіз көшеден кіретін болады. Ол орталыққа халыққа құқық қорғау қызметтерін көрсетеміз», - деді Жақып Асанов.
Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Прокуратура туралы» заң жобасын мақұлдады. Аталған заң жобасында жоғары қадағалаудың шектері мен нысандары айқындалған, оның негізгі бағыттары нақтыланған, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілер қызметінің заңдылығын сақтау үшін жоғары қадағалаудың шекаралары белгіленді.