Прокурорлар С. Ахметовтың ісі бойынша үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Прокурорлар бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтың ісі бойынша сот үкімін өзгеріссіз қалдыруды сұрады.

Прокурорлар С. Ахметовтың ісі бойынша үкімді өзгеріссіз қалдыруды сұрады

«Сотталушыларға қатысты құқықтық біліктілік бөлігіндегі соттың үкімі заңды әрі негізді болып табылады. Сотталушылардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен әділ дәлелденді. Сотталушылардың кінәлілігі сот үкімінде жан-жақты келтірілді және бұл жеткілікті болып табылады әрі осыны қылмысты жасаудағы кінәсін мойындауы үшін жеткілікті деп санаймыз», - деді апелляциялық сот алқасының отырысында сөйлеген сөзінде мемлекеттік айыптаушы Медеу Жақанов.
Сонымен қатар, мемлекеттік айыптау тарапы барлық сотталушылардың жазасы әділ деп санайтындықтарын алға тартты. Прокурорлар бірінші инстанциядағы үкімді бұзуға қатысты ешқандай себептерді қарастырмайды.
Сонымен бір мезгілде, прокурорлар екі сотталушыға - Қарағандының бұрынғы әкімі Айдар Телғарин мен «ҚазАгрофинанс» АҚ кредит және лизинг департаментінің директоры Ерлан Қисықовқа қатысты мүлікті тәркілеудің заңсыз тағайындалғанын да мойындайды. Содан соң, прокурорлар қосымша жаза түрлерін алып тастауды да сұрады.
«ҚР ҚК 2 бөлімі 307-бабына (қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану) сәйкес, санкция мұндай жаза түріне қарастырылмайды», - деді мемлекеттік айыптаушы.
«Қалған бөліктерінде үкім өзгеріссіз қалдыруға жатады, сотталушылар мен олардың қорғаушыларының апелляциялық шағымы - қанағаттандырылмайды», -деп түйіндеді М. Жақанов.
Соттың аппелляциялық қаулысы 14 наурызға сағат 16-00-ге тағайындалып отыр.
Бұған дейін де хабарлағанымыздай, 10 наурызда Қарағанды облысы сотының апелляциялық инстанциясы бұрынғы премьер-министр С. Ахметов пен басқа да жауапты тұлғалардың ісі бойынша шағымдарды қарауға кіріскен болатын. Барлығы сотқа адвокаттардан және 12 сотталушыдан 25 шағым түсіп, олар үкімді бұзуды және жазаны ішінара жеңілдетуді сұрады. Сот отырысын Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетов, судьялар Светлана Миночкина мен Роза Нұрмұханова жүргізуде.
Айта кетерлігі, апелляциялық шағым қаралғанға дейін сотталушылар тарапынан келтірілген материалдық залал толығымен, шамамен 2,3 млрд. теңгеге өтелген. Адвокаттардың мәліметінше, қаражатты С. Ахметовтың туыстары мен достары құйған.
Еске салайық, Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы премьер-министр С. Ахметов пен басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты іс бойынша сот үкімі былтырғы жылы 11 желтоқсанда жарияланған болатын.
Үкімге сәйкес, бұрынғы премьер-министр С. Ахметов ҚР ҚК-нің 176-бабының 4-бөлігінің «б» тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету), ҚР ҚК-нің 310-бабының 3-бөлігі (кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу), ҚР ҚК-нің 307-бабының 3-бөлігі (қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдалану), ҚР ҚК-нің 310-1-бабының 3-бөлігі (заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстардың жиынтығы бойынша, ҚР ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігінің негізінде, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан 5 жылға айырыла отырып, 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды.

Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Б. Әбдішев ҚР ҚК-нің 310-бабының 3-бөлігі (кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу), ҚР ҚК-нің 307-бабының 3-бөлігі (қызмет өкiлеттiгiн теріс пайдалану), ҚР ҚК-нің 310-1-бабының 3-бөлігі (заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Қылмыстардың жиынтығы бойынша, ҚР ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігінің негізінде, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сiңiру арқылы, оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан 5 жылға айырыла отырып, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазаны жалпы режимдегі түзеу колониясында өтейтін болды.
Қарағанды облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Ғ.Мұхамбетов 176-бабының 4-бөлігінің «б» тармағы (сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету) бойынша кінәлі деп танылып, оның мүлкі тәркіленіп, мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан 5 жылға айырыла отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.