Прокурорлар зейнеткерді заңсыз тексеруден қорғап қалды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет бизнесті қорғау бойынша ауқымды жұмыстарға кірісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылдың қаңтар айында зейнеткер-кәсіпкер Ольга Коцубинская Теміртау қаласының Тұтынушылардың құқықтарын қорғау басқармасының (ТҚҚБ) тексерісіне ұшыраған болатын. Сатылымға шығарылатын өнімнің қауіпсіздігі тексеріліп, нәтижесінде зейнеткерге тауарға сертификат ұсыну талабы қойыла отырып, тауарларының техникалық регламентке сай еместігі жөнінде нұсқама шығарылды. Осы орайда оның орындалуына 5 күндік уақыт берілді. Коцубинская белгіленген уақытта сертификат ұсынуға мүмкіндігі болмады, нәтижесінде ТҚҚБ ұсынысы бойынша ағымдағы жылдың 2 ақпанындағы Теміртау қалалық сотының шешімімен зейнеткерге 158 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды»,-деп атап өтілген Комитет мәліметінде.
Бұл жағдай Комитеттің Қарағанды облысы бойынша басқармасымен бақылауға алынып, зерделеу барысында Коцубинскаяға қатысты қабылданған шаралар заңнамалық қағидаларға қайшы екендігі анықталды.
ҚР Кәсіпкерлік Кодексінің нормаларына сәйкес, мұндай тексерулер, яғни бақылаудың ескерту-профилактикалық сипатына жатқызылуы қажет (Кодекстің 137-б. 1-т. 2-т.).
«Көрсетілген нормалар кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау органдарымен есепке алынбаған және заң талаптарына қарамастан жоспардан тыс тексеріс тағайындалып, кәсіпкерге қатысты жазалау шарасы қолданылды. Аутоиммундық ауруы бар әрі тұрақты емделуге мұқтаж зейнеткер-кәсіпкердің құқықтарын қорғау мақсатында Комитеттің Қарағанды облысы бойынша басқармасымен Теміртау қаласының прокуратурасына ақпараттық хат енгізілді. Осы орайда ағымдағы жылдың 22 ақпанында ақпараттық хат қаралып, О.Н.Коцубинскаяға қатысты істі қайта қарау туралы және әкімшілік жазаны қолдану туралы қаулының күшін жою жөнінде Теміртау қалалық сотына өтініш жолданды. Ал 27 ақпанда Теміртау қалалық сотымен әкімшілік айыппұл салу туралы шешімнің күші жойылып, О.Н.Коцубинскаяға қатысты әкімшілік іс қысқартылды»,-деді ведомство мамандары.
Жалпы, мұндай мысалдар аз емес, уәкілетті прокурорлар бақылаушы мемлекеттік органдардың заңсыз әрекеттерінің әрбір фактілеріне жедел және әрекетті түрде ықпал ететіндіктерін алға тартуда.