Прокурорлар жұмыс уақытында «көңіл көтермейтін» болды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат -Прокуратура қызметкерлеріне туған күнге сыйлық беру мен шығыны көп шараларды өткізуге тыйым салынды. 

Прокурорлар жұмыс уақытында «көңіл көтермейтін» болды

Сондай-ақ жұмыс бабымен келген басшыны немесе тексерушіні күтіп алып, дастархан жайғандар да жұмыстарымен қош айтысады. Еліміздің Бас прокуратурасы қабылдаған жаңа бағдарламаны Шымкентте облыс прокуроры Ибраһим Иманов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Қадағалаушы орган өкілдерінің жұмысын жүйелеуге бағытталған «Халыққа арналған прокуратура» жобасымен танысуға  облыстық мәслихаттың депутаттары мен қадағалаушы орган қызметкерлерінің отбасы мүшелері қатысты. Жуырда қабылданған құжатқа сәйкес,  енді жаңадан қызметке тағайындалған басшы бірден өз командасын жасақтай алмайды.  Бұрынғы қызметкерлерді 6 ай мерзімге дейін орнынан ауыстыруға құқығы жоқ.   Прокурорға сый-сияпат көрсетудің өзі  заңсыздық болып есептеледі. Ұжым ішінде  той тойлап,  шығын шығаруға да тыйым салынды. Оның орнына қоғам үшін қалтқысыз жұмыс істеу міндеттелген.


«Прокуратура органдарында әрбір тағайындаулар мен жұмыстан босатудың заңдылығы жан-жақты тексерілетін болады. Әділсіз, сорақы фактілер табылса - бұйрықтың күші жойылып басшысы жауапқа тартылады. Сондай-ақ ұжымнан ақша жинауға да тыйым салынады. Яғни, төгіп-шашып дастархан жаюды, жиын жасауды қою керек. Ұжым қызметкерлерін біріктірудің басқа да тәсілдері бар. Мәселен, ұжымдық рухты спортпен шынықтыру керек. Бұдан бөлек, басшы немесе тексеруші келсе, оларды күтіп алу, шығарып салу, сол үшін ақша жинауға рұқсат жоқ. Прокурорларға келген адамға қонақ үй немесе пәтер жалдап, есебін төлеу, оларды апталап, айлап тамақтандыру, тілін табуды тыю талап етіледі. Егер ішкі қауіпсіздік қызметі осындай келеңсіздікті анықтаса, келген адам да, күтушілер де жұмыстан айырылады», - деді жаңа бағдарламаны түсіндірген И.Иманов.

Облыс прокурорының сөзінше, қадағалаушы орган қызметкерлерін газет, журналдарға мәжбүрлі түрде жаздыруға да жол берілмейді. Себебі, мұндай басылымдардың бір жылдық жазылу бағасы 10 мың теңгеден асып кеткен. Бұл қарапайым прокурордың қалтасына әжептәуір салмақ болары анық. Ибраһим Иманов сонымен қатар прокурорларға қадағалаудағы өзге органдардан немесе бизнесмендерден қағаз сұрауды доғарып, Бас прокурор облыстарды кеңсе тауарларымен қажетті мөлшерде қамтамасыз етуді тапсырғанын атап өтті.


«Прокуратура қызметкерлері арасында керек емес кезекшілікті алып тастау тапсырылды. Бұған дейін қызметкерлер жұмыс орнында түнеп жүрген. Кезекшілікке сенбі, жексенбі күндері де шығатын еді. Қазір ақпараттандырудың нақты алгоритмі жазылуда. Оған телефондар мен пошта жүйесін пайдалану тапсырылды. Сонымен қатар, аймақтарда сағат 18:00-ден кейін және демалыс күндері  жиналыс өткізуге тыйым салынды. Басшылар жұмыс күнін тиянақты жоспарлауды үйренуі қажет. Басшыларға қызметкерлерге қамқор болу тапсырылды. Нақты себеп болса ғана жұмыста қалдыру тапсырылды. Жұмыс соған берілген уақытта істелуі қажет. Содан кейін қызметкерлерге отбасыларына немесе спортзалға баруына жағдай жасалатын болады. Жақындарын қуантсын, балаларға көңіл бөлсін, үйленбегендер отбасын құрсын», - деді облыс прокуроры.

Жаңа бағдарлама жаңа міндеттер жүктейді. Енді облыстың прокуратура қызметкерлері осы бағдарламаға сай жұмыс істеуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде қадағалаушы орган жұмысын жандандыруға негіз болмақ. Әрі жұмысына жүрдім-бардым қарайтын мамандардың қысқартуға ілігуі де ғажап емес.

«Аталған 10 қадам - барлығы өте жағымды. Бұл өз кезегінде прокуратураның таза болуына шақырады. Сондай-ақ, басқа органдар да осы прокуратурадан үлгі алсын деп жасалған жұмыс деп білемін»,- дейді бұрынғы прокурор, қазіргі облыстық мәслихаттың хатшысы Қайрат Балабиев.