Прокурорлардың азаматтық сот отырыстарына қатысуы сотқа қатысушылардың бәсекелестігі мен теңдігін қамтамасыз етуге ешқандай да кедергі келтірмейді - Қ.Мәми

АСТАНА. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінде прокуратура азаматтардың материалдық жағдайларына қарамастан және ешқандай алымдар мен салық салмастан олардың құқықтарын қорғауға қол ұшын созатын бірден - бір мемлекеттік орган.

Прокурорлардың азаматтық сот отырыстарына қатысуы сотқа қатысушылардың бәсекелестігі мен теңдігін қамтамасыз етуге  ешқандай да кедергі келтірмейді - Қ.Мәми

Осы тұрғыдан алғанда прокурорлардың азаматтық істер қаралатын сот отырыстарына қатысуы сотқа қатысушы тараптардың бәсекелестігі мен теңдігін қамтамасыз ету ісіне ешқандай да кедергі келтірмейді.   

Бұл пікірді бүгін Астанада «Азаматтық сот өндірісін жүргізуге қатысушылардың бәсекелестігі мен теңдігін қамтамасыз ету мәселелері» атты тақырыпта өтіп жатқан дөңгелек үстел отырысында Бас прокурор Қайрат Мәми білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, прокурорлардың қызметі - соттың әділ әрі заңды шешім қабылдауына атсалыса отырып, заңның орындалуын бақылау. Сонымен қатар прокурорлар қаралатын іс заңға қайшы болған жағдайда оған өзінің қарсылығын білдіре алады. Дегенмен соңғы шешімді бәрібір сот шығарады. Сонымен қатар Еуропалық Одақтың Парламенттік Ассамблеясының прокуратураның рөлі туралы 16/04-ші ұсынысында көрсетілген мәселелерге тоқталған Бас прокурор «Құжатта демократиялық құндылықтарға негізделген заңның үстемдігін қалайтын мемлекеттердегі прокуратураның рөлін сол елдің ұлттық құндылықтары мен мәдениеті және дәстүрлері негізінде қарастырылуы қажет деп көрсетілген. Бұл өте маңызды мәселе. Өйткені әлемнің әр мемлекетінің құқықтық даму деңгейлері әртүрлі. Айталық дамыған елдер азаматтық қоғам сияқты өзін-өзі реттейтін қоғамдық күштерге,  тұрақты заңнамалар мен қоғам өкілдерінің құқықтық саналарының жоғарылығына және заңның алдындағы жауапкершілігіне сүйенеді.

Ал дамушы елдерде бұл құндылықтардың барлығы әлі толығымен қалыптасып болмаған. Осы тұрғыдан алғанда еліміздегі прокурорлардың азаматтық сот отырыстарына қатысуы қазіргі талаптарға жауап береді және сот шешімдерінің орындалу мәселесін тиімді шешеді деген ойдамын», деді Қ.Мәми.