Прокурорлардың Халықаралық қауымдастығына мүше мемлекеттердің Бас прокурорлары Гаага қаласында бас қосты
Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Халықаралық қатынастар департаментінен мәлім етті.
Жыл сайынғы конференция «Шекарадан өту» тақырыбымен өтті. Конференция жұмысына халықаралық ұйымдар, үкіметтік емес секторлар, академиялық орта мен жеке адамдарды қоса алғанда 250 қатысушы мемлекеттің өкілдері қатысты.
ҚР Бас прокуратурасы алғашқы және бірден бір прокурорлар ұйымы болып табылатын - ПХҚ-ның 1999 жылдан бергі ұйымдық мүшесі.
1995 жылы үкіметтік емес, бейсаяси ұйым ретінде танылған ПХҚ қазіргі уақытта әлемнің 130 елінің 1400-ден астам жеке және 129 ұйымдық мүшесін біріктіріп отыр.
ПХҚ-ның жыл сайынғы конференциясы әртүрлі елдердің прокуратура органдары үшін ұлтаралық қылмыспен күрестегі өзара іс-қимылдар мен ортақ көзқарастарды қалыптастыру жолында тиімді алаң болып табылады.
Өткен конференция барысында адам саудасы, ұйымдасқан қылмыс, мүліктерді қайтару, өзара құқықтық көмек пен бой тасалап жүрген қылмыскерлерді ұстап беру сияқты мәселелер талқыланды.
ПХҚ-ның 15-ші конференциясына ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми қатысып, ол «Бой тасалап жүрген қылмыскерлерді ұстап беру» тақырыбымен өткен 4-ші пленарлық сессияның спикері болды.
2011 жылғы қазан айында Астана қаласында ПХҚ-ның Орталық және Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдерінің 6-шы аймақтық конференциясының өткізілуіне байланысты Қ.Мәми, осы елдердің өкілдерін аталған форумға қатысуға шақырды.
ҚР Бас прокуроры пленарлық сессия мәжілістеріне қатыса отырып Корея Республикасының Бас прокуроры Джунгью Ким мырзамен, Нидерланды Корольдігінің Әділет министрі Эрнст Хирш Баллин мырзамен, Еуропаның адам құқықтары жөніндегі сотының судьясы Эгберт Майер мырзамен, ПХА-ның тағайындалған Бас хатшысы Роланд де Крюкпен және Еуроюст өкілімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Тараптар екіжақты ынтымақтастық пен практикалық өзара іс-қимылдың даму перспективаларын талқылады.
ПХҚ-ның Бас кеңесшісі Элизабет Хоу ханыммен кездесу барысында 2011 жылдың қазанында Астана қаласында ПХА-ның 6-шы аймақтық конференциясын өткізуге дайындық мәселелері талқыланды.