Прокурорлардың ықпалымен биыл «Қазгидромет» кәсіпорнында 7 химиялық-талдау зертханалары іске қосылатын болды
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - 2009 жылы қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқық бұзушылықтар 2008 жылмен салыстырғанда 50 пайызға, ал осы саладағы қылмыстар саны 30 пайызға қысқарған. Бұл мәліметтерді бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков келтірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның деректеріне қарағанда, аталмыш мәселенің уақыт өткен сайын өзекті болуына байланысты прокуратура атмосфералық ауаның тазалығын сақтау шараларының заңға сәйкестігіне тиісті тексерулер жүргізді. Бұл бағыттағы жұмыстарға жүргізілген сараптау-саралау шаралары мемлекеттік экологиялық мониторингтің талапқа сай жүзеге асырылмай отырғандығын көрсетті. Онда қадағалау бағдарламасы толық емес. Арнайы орындарда тіркелген зертханалардың жеткіліксіздігі атмосфералық ауаның ластануын толық талдауға мүмкіндік бермей отыр. «Мысалы Өскеменде атмосфералық ауаға 170 түрлі зиянды қалдықтар тасталатын болса, олардың 20 пайызы аса қауіпті болып есептеледі. Ал арнайы тіректер тек 17 түрлі қалдықтар бойынша ғана қадағалау шараларын жүргізуде. Осыған байланысты қазір елде прокурорлардың ықпалымен аталған кемшіліктерді жойып, осы бағыттағы жұмыстарды және тиісті заңдарды жетілдіру жөнінде тиісті шаралар қолға алынды. Биылғы жылы елде 9 қадағалау тіректері мен «Қазгидромет» кәсіпорнына 7 химиялық-талдау зертханаларын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі тиімділігін көрсетеді деген ойдамыз», деді Н.Сүйіндіков.