Прокурорларға пайдакүнемдік мақсатта күш қолданып жасалған қылмыстық істердің тергелуін жіті қадағалау тапсырылды

АСТАНА. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Асхат Дауылбаевтың төрағалық етуімен пайдакүнемдік мақсатта күш қолданып жасалған қылмыстар туралы қылмыстық істерді тергеген және сотта қараған кезде заңдылықты сақтау мәселелері бойынша Бас прокуратура алқасының отырысы өтті. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім етті.
None
None

Пайдакүнемдік мақсатта күш қолданып жасалатын қылмыстар проблемасы бірінші кезекте, қоғам үшін теріс салдарлармен, қоғамға қарсы мінез-құлықтың басты түрткісі болып табылатын әлеуметтік факторлармен байланысты болғандықтан - өзекті болып табылады. Ол статистикамен де расталады, мәселен, пайдакүнемдік мақсатта күш қолданып жасалған қылмыстар барлық тіркелген қылмыстардың оннан бір бөлігін құрайды. Соңғы бір жарым жылдың ішінде ғана құқыққа қарсы осындай 23 мыңнан астам қарекеттер жасалды.

Сондықтан да, қалыптасқан жағдай пайдакүнемдік мақсатта күш қолданып жасалған қылмыстардың алдын-алуға пәрменді көзқарастар енгізуді, осы санаттағы істерді тергеу сапасын арттыруды талап етеді. Алқа отырысында атап өтілгендей, профилактика жүйесінде осындай қылмыстардың әлеуметтік-құқықтық алдын-алу шаралары үстем болуы тиіс.

Осыған байланысты, Ішкі істер министрінің атына анықталған заң бұзушылықтарды жою, қылмыстардың алдын-алуға бағытталған пәрменді шаралар қабылдау, олардың тіркелуіне, ашылуы мен тергелуіне ведомстволық бақылауды арттыру туралы ұсыныс енгізілді. Пайдакүнемдік мақсатта күш қолданып жасалатын қылмыстарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларға ұдайы талдау жүргізуді жолға қою ұсынылды.

Онымен бірге, қылмыстарды есепке алудан жасыру, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзу, қылмыстық істерді тергеген кезде сөзбұйдаға салу, осы санаттағы істер бойынша заңсыз іс жүргізу шешімдерін қабылдау орын алған жағдайда ішкі істер органдары қызметкерлерінің дербес жауапкершілігін күшейтуге ұсыныс жасалды.

Облыстардың прокурорларына пайдакүнемдік мақсатта күш қолданып жасалған қылмыстар туралы қылмыстық істердің тергелуін, қылмыс туралы арыздар мен хабарларды қараудың іс жүргізу мерзімдерін ұзартудың заңдылығын қадағалауды күшейтуді, қылмысқа қарсы күресте құқық қорғау органдарының қызметін тиісінше үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар