Прокурорлық қадағалаудың арқасында заңсыз жерде орналасқан мейрамхана бұзылды

АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Алматы қаласы прокурорлық қадалағауының арқасында су қорғау жағалауындағы заңсыз жерде орналасқан мейрамхана мәжбүрлі түрде бұзылды.

Прокурорлық қадағалаудың арқасында заңсыз жерде орналасқан мейрамхана бұзылды

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Ұзақ уақыт бойы су қорғау жағалауында орналасқан «Сабантой» мейрамханасын мәжбүрлеп бұзу туралы прокурордың талабымен шығарылған сот шешімі орындалмай келген. Сол шешімнің негізінде, «Алма» ЖШС-ге атқару парағы беріліп, заңсыз салынған ғимаратты өз есебінен бұзу туралы атқару ісі қозғалған еді. Кейінірек, сот актісінің орындалмауына байланысты Медеу ауданының сот орындаушысы аудан сотына сот шешімінің тәсілі мен тәртібін өзгертіп, үшінші жақтардың көмегімен «Сабантой» мейрамханасын мәжбүрлеп бұзу және осыған жұмсалған қаржыны «Алма» ЖШС мен жауапкер О. Глушевичтен өндіру туралы ұсыныс енгізген болатын», - делінген баспасөз айғағында.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Алма» ЖШС директоры сот шешіміне, сот орындаушылардың іс әрекетіне қатысты ҚР Жоғары сотына дейін көптеген шағым түсіріп, сондықтан іске қатысты атқарушылық әрекеттер тоқтатылған. Алайда, кейіннен сот шешімі дәлелді және заңды деп танылды. Өйткені, сот шешімі бойынша мейрамхана мемлекет меншігімен ерекше қорғалатын аймақта орналасқан әрі Елбасының Кіші Алматы өзенінің белдеуінде орналасқан жерлерді қорғау туралы талаптарды орындау мақсатын көздейді. «Сондықтан да 2 жылдан астам уақыт орындалмаған сот шешімі прокурорлық қадағалаудың арқасында жүзеге асып, заңсыз салынған «Сабантой» мейрамханасы мәжбүрлі түрде бұзылды», -делінген баспасөз баянында.