Прокурорлық шаралармен бюджеттің 5 млрд. теңгеден астам сомасын негізсіз талан-таражға салынудың жолы кесілді - А.Дауылбаев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Прокурорлық ықпал ету шараларының арқасында жалпы сомасы 5 млрд. 368 млн. теңгені құрайтын бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына жол берілмеді.
Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаев мәлім етті.
«Соңғы үш жылдың ішінде ғана елімізде меншік иелеріне 12, 6 гектар жер және жылжымайтын мүлік үшін 47 млрд. теңге төленген, бастапқыда осы қаражатқа 25 пайыз артық жер, яғни 46 млрд. теңгеге 17 мың гектар сатып алу жоспарланған болатын. Лимиттің айтарлықтай жоғарылатылуының басты себебі алынатын мүлік құнын жасанды көтеру болып отыр», - деді Бас прокурор 2012-2013 жылдары жер телімдерін мемлекеттік қажеттіктер үшін алынған кездегі заңдылық пен сот-прокурорлық тәжірибенің жай-күйі туралы мәселе көтерілген жиында.
Оның сөзіне қарағанда, прокурорлар жергілікті атқарушы органдардың сатып алу бағасын дұрыс айқындамағандығын және оның салдары 1 млрд. 300 млн. теңгенің негізсіз төленіп кетуіне әкеп соққандығын анықтаған. Осыған дейін жеке меншікке заңсыз берілген жер телімдерін сатып алудың нәтижесінде мемлекетке 350 млн.теңгеден астам қаржыға зиян келтірілген.
Оның атап өтуінше, республикамыздың соттарында 1 млрд. 800 мың теңгенің мәселесін көтерген 84 талап-арыз қаралу үстінде. Қылмыстық қудалау органдарына тапсырылған фактілер бойынша 22 қылмыстық іс қозғалды, 95 материалға іс жүргізу шешімдері қабылдану үстінде.