«Простор» журналына бас редактор тағайындалды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Фархат Тамендаров «Простор» журналының бас редакторы болып тағайындалды. Бұл туралы Жазушылар одағының Telegram арнасы жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Простор» журналына бас редактор тағайындалды
Фото: t.me/zhazushylar_odagy

Одақтың мәліметінше, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов одақтың басшылық құрамымен келісе отырып, бұрынғы «Простор» журналының Бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы Қайрат Бақбергеновтың орнына Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Фархат Тамендаровты тағайындап, ұжымға және редакция қызметкерлеріне таныстырды.

«90 жылдық тарихы бар «Простор» журналын жаңартып, журналдың таралымын көбейтетініңе сенемін. Алдағы жұмысыңа табыс тілеймін» - деді Мереке Құлкенов жүрекжарды тілегін жеткізіп.


Тамендаров Фархат 1959 жылы 18 маусымда Алматы қаласында дүниеге келген. 1981 жылы Алматы энергетикалық институтын тәмамдады.

Алғашқы кітабы «Үш інжу» деген атпен 1990 жылы, «Күн сәулесінің нұры» деген екінші кітабы 2002 жылы шықты. 2005 жылы «Алақандағы айна», 2009 жылы «Гулистаның алтын раушаны» атты балаларға арналған поэма-ертегісі, 2012 жылы «Бір сәттік дем» жыр жинағы, 2018 жылы «Аңшы иттер» прозалық кітабы жарыққа шықты.

Ол – 2012 жылы Уфа қаласында өткен «Ақ тырна» халықаралық аудармашылар байқауының иегері. 2018 жылы Бангкок каласында өткен «ӨРЕХ ЕЦК.А7ІА» әдеби фестивалінің екінші орын иегері. Айта кетейік, «Простор» – орыс тілінде шығатын әдеби-көркем және қоғамдық-саяси журнал. Қазақстан Жазушылар одағының органы. 1933 жылдан бастап шығады. Атауы бірнеше рет өзгеріп, 1960 жылдан бері қазіргі атауымен атала бастады.