«Протон-М» зымыранының апаты Қазақстан аумағынан тыс жерде орын алды - «Қазғарыш»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін түнде Байқоңыр ғарыш айлағынан Астана уақыты бойынша сағат 03.42-де ұшырылған «Протон-М» зымыран-тасығышы орбитаға «Экспресс-АМ4Р» ғарыш аппаратын алып шыға алмады.

«Протон-М» зымыранының апаты Қазақстан аумағынан тыс жерде орын алды - «Қазғарыш»

Осыған дейін хабарланғандай, ол ұшырылғаннан кейін 540-ші секундта күтпеген жағдай орын алған: зымыран-тасығыштың 3-сатысының қозғалтқышы апатты түрде істен шығып, салдарынан ғарыш кемесімен байланыс үзілді.

«Қазғарыш» төрағасының орынбасары Еркін Шаймағамбетовтің хабарлауынша, «Экспресс-АМ4Р» серігін шығаруға байланысты туындаған шұғыл жағдай туралы Байқоңырдағы Ресейдің Жерүсті ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығының басшылығы ҚР Ұлттық ғарыш агенттігіне дереу хабарлаған.

ЖҒИПО-ның ақпараттық хабарламасында «Протон-М» зымыран-тасығышының 3-сатысының апаттық істен шығуы Қазақстан аумағынан тыс жерде орын алғаны атап өтілген.

«Байқоңырдан ұшырылу штатты болды, сонымен бірге ғарыш кемесінің бірінші сатысы штатты режимде Қарағанды облысының үстінен ұшып бара жатқанда ажырады. Зымыранның екінші сатысы Ресейдің Алтай өлкесінің үстінде ажырап, Тынық мұхитының үстінде үшінші сатысының ажырауы кезінде апат орын алды», - деп түсіндірді жағдайды Е.Шаймағамбетов. Ол Қазақстан экологиясына ешқандай зиян келмегенін атап өтті.

«Ресейғарыштың» баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, арнайы құрылған комиссияның өкілдері қазір телеметрикалық ақпаратты сараптап, апаттың орын алу себептерін анықтап жатыр.