«Протонды» әлі ұшыруға болмайды - министр Н. Қаппаров

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Протон» апаты болған жерде залалсыздандыру жұмыстары толығымен аяқталмайынша, осы үлгідегі зымырантасығыштарды ұшыруға болмайды. Бүгін апатты жою бойынша құрылған арнайы жұмыс тобының отырысында ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров осылай айтты.

«Протонды» әлі ұшыруға болмайды - министр Н. Қаппаров
Оның хабарлауынша, залалсыздандыру жұмыстары басталғалы бері апат болған жердегі улы заттардың шекті концентрациясы мың есеге төмендетілді. «Бүгінде залалсыздандырудың үшінші кезеңінен кейін концентрацияның деңгейі 9,2 есеге артық болып тұр. Сонда да бұл норма көп болып саналады. Біз ол көрсеткішті қалыпты деңгейге дейін төмендетуіміз керек. Сондықтан залалсыздандыру жұмыстары толығымен аяқталмайынша, келесі «Протонды» ұшыру туралы әңгімені қозғаудың өзі қисынсыз», - деп атап көрсетті Н.Қаппаров. Комиссия отырысына «Роскосмос» федералдық ғарыш агенттігі басшысының орынбасары Сергей Савельев те қатысты. Оның айтуынша, Қазақстанның бүгінгі ұстанымына байланысты кезекті «Протон» зымырантасығышын ұшыру кейінге қалатын болды. С. Савельев оның нақты уақытын айтқан жоқ. Айта кетейік, бұған дейін Роскосмос «Протон» үлігісіндегі кезекті зымырантасығышты ұшыруды 17 қыркүйекке белгілеген болатын.