19:02, 27 Мамыр 2015 | GMT +5
«Протонның» апатқа ұшырауына байланысты спутниктерді ұшыру кейінге шегеріледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - 16 мамырда "Протон-М" зымыран-тасығышының апатқа ұшырауына байланысты ресейлік спутниктерді ұшыру кестесіне түзетулер енгізіледі. Байланыс министрі Николай Никифоров атап өткендей, әңгіме олардың мерзімін екі-үш айға шегеру жайлы болып отыр.

Никифоровтың айтуынша, ресейлік байланыс спутниктерінің ұшырылуын кейінеге қалдыруға байланысты залал орнын Ресейғарыш өтеуі тиіс, деп хабарлады Би-би-си.
16 мамырда Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған, мексикалық байланыс жер серігін орбитаға алып шығуға тиісті ресейлік "Протон" зымыран-тасығышы көп ұзамай ақаулықтар салдарынан отқа оранды. Ресейғарыштың ақпаратынша, үдету блогы және ғарыш аппараты атмосферада жанып кеткен.
Ресейлік "Протон-М" зымыран-тасығышы апатқа ұшырауы салдарынан Ұлыбританияда ірі ғарыш жобасын жүзеге асыру бірнеше айға тоқтатылды.