Процедура кабинетіне жолданған науқас дәріні өзі сатып алуы керек пе

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — МӘМС төңірегінде түсініксіз сұрақ көп. Соның бірқатарына әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Қызылорда облысы бойынша филиалының бас сарапшысы Айгүл Аханова жауап берді.

Адам папиломасы вирусына қарсы вакцина
Фото: Маңғыстау облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті

— Айма-ай жарна төлеп тұрса да, сақтандырылған деген статусы болса да, кей адамдар өз құқықтарын білмейді. Айтыңызшы, МӘМС шеңберінде біз қандай медициналық қызметті пайдалана аламыз?

— МӘМС аясында көрсетілетін медициналық көмек тізімі ел Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы қаулысына сәйкес бекітілген. Оған мынадай қызмет түрлері кіреді:

  • Амбулаториялық деңгейдегі арнайы көмек: профилактикалық тексерулер, бейінді мамандардың кеңесі, созылмалы ауруы бар адамдарды динамикалық бақылау, белгілі бір санаттағы азаматтарға стоматологиялық көмек, диагностика және процедуралар.
  • Үйдегі стационар қызметін қоса алғанда стационарды алмастыратын жағдайдағы арнайы және жоғары технологиялық көмек, сондай-ақ жоспарлы және шұғыл стационарлық көмек (тәулік бойғы стационарда емдеу, күрделі хирургиялық оталар, күндізгі стационарда ем қабылдау).
  • Медициналық оңалту (аурудан, жарақаттан, операциядан кейінгі оңалту);
  • Емхана деңгейінде және стационарда көрсетілетін медициналық көмек аясында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (диспансерлік есепте тұрған пациенттер үшін).
а
Фото Айгүл Аханованың жеке архивінен

— Жеңілдік қарастырылған санатқа кіретін адам жарна төлеуі керек пе? Ол сонда МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған болып есептеле ме?

— Егер пациент жеңілдік санатына кіретін болса, оның жарнасын мемлекет төлейді. Сондықтан ол өзі ешқандай төлем жасамауы тиіс. Егер пациенттің мәртебесі болмаса, оның себебін анықтау қажет. Мысалы, күндізгі бөлімде оқитын студент туралы мәліметтер ұлттық білім дерекқорына енгізілмеген болуы мүмкін. Сондықтан ол сақтандыру мәртебесін жоғалтқан деген сөз. Мерзімді әскери қызметтен өткен, бірақ бұл деректер әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына берілмеген болуы мүмкін. Жағдайды нақтылау және мәртебені жаңарту үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгіну қажет.

— Дәрігер емханада екпе тағайындап, емшара кабинетіне жіберсе, не істеу керек? Адам дәрі-дәрмекті өз қалтасынан сатып алуы керек пе, мұның заңдылығы қалай?

— Медициналық-санитарлық көмек (МСАК) ұйымына тіркелген пациенттер белгілі бір препараттармен тегін қамтамасыз етіледі. Бұл дәрілер емхана арқылы берілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізбесіне енгізілген. Егер тағайындалған дәрілер мен пациенттің диагнозы осы тізбеге кіретін болса, емхана оларды өзі ұсынуға міндетті.

Егер тағайындалған дәрілер тегін тізімге кірмесе, онда пациент оны өзі сатып алады.

— Дәрігердің жүктемесі көбейіп, қабылдауға жазыла алмаса, не істеу керек?

— МӘМС және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызметті күту мерзімі 15 жұмыс күнінен аспауы тиіс. Егер емханада осы уақыт ішінде дәрігерге жазыла алмасаңыз, қажет болса, пациентті бірлесіп жұмыс істейтін басқа клиникаға жібере алады. Егер 15 күннен ұзақ күтуге тура келсе, басқа клиникаға бағыттамаса, пациентті қолдау қызметіне жүгінуге болады. Қызметтің бұл түрі пациент шағымын қарастырып, мәселелерді шешумен айналысады.

Сонымен қатар МСАК ұйымдарында фильтр-кабинеттер бар. Онда инфекциялық ауруларға күдік болған жағдайда дәрігер қабылдауына алдын ала жазылусыз баруға болады. Бұл алғашқы медициналық-санитариялық көмекті ұйымдастыру стандартының 110-тармағына сәйкес Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен бекітілген.

Еске салайық, елімізде 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша бір миллионнан астам адам қамтылады деген болжам бар.

Соңғы жаңалықтар