Пржеваль жылқылары браконьерлерден қалай қорғалады – министрлік жауабы

 Пржеваль
Фото: pinterest.com

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл жазда елімізге 8 бас Пржеваль жылқысы әкелінеді. Мақсат – оларды жерсіндіріп, санын көбейту. Сондай-ақ, 3-4 жыл ішінде Чехиядан жеткізілетін жабайы жылқылардың санын 40-қа дейін жеткізу жоспары бар.

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Биыл маусымда елімізге Чехиядан Пржеваль жылқыларын жеткізеді. Осы орайда жоғалып кеткен жабайы жылқыға браконьерлік қауіп төнбей ме?» деген сауал қойылды. 

«Қостанай облысындағы «Алтын дала» резерваты штатында 111 қызметкер бар, оның 86-сы инспектор. Одан бөлек, өңірде «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері бар. Әрине, қауіпсіздік, жабайы жылқыларды қорғау шарасын күшейтеміз», - деп жауап берді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев ОКҚ-де өткен брифингіде. 

Өз кезегінде Қазақстанның биоәртүрлілікті сақтау қауымдастығының атқарушы директоры Вера Воронова заңсыз аң аулаумен күресте бірлесіп жұмыс істеу қажеттігін айтты. 

«Иә, браконьерлік, бұл - проблема, онымен бірлесіп күресуіміз керек. Адамдар Қазақстанда жабайы жылқылардың жойылу қаупін білгені абзал және оны аулағаны үшін қылмыстық жауапкершіліктің барын да ұмытпаған жөн. Осы орайда әкімдік қабырғасында түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, одан бөлек, мектеп оқушыларына арналған білім беру бағдарламасы әзірленеді. Бұл жұмысқа «Охотзоопром» мекемесінің қызметкерлері тартылады», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар