Психикалық ауруларға шалдыққан науқастарды жұмыспен қамту үшін емдеу-еңбек ету шеберханаларын салу қажет - Е.Нұрқатов

АСТАНА. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ -  Бүгін Астанада психикалық ауруларға шалдыққан адамдарды жұмыспен қамту мақсатында, оларға арнап емдеу-еңбек ету шеберханаларын салу және түрлі себептермен бұрын жабылған шеберханалардың жұмысын қайта жандандыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстел отырысы өтті,
None
None

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Іс-шараны Астана қаласы Психикалық денсаулық проблемалары жөніндегі медициналық орталық пен Заңнамаларды сақтау және адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның қазақстандық филиалы ұйымдастырды. Оған Парламент және мәслихат депутаттары, басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғамдық ұйымдар қатысты.

Аталмыш Медициналық орталықтың директоры Ербол Нұрқатовтың айтуынша, Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның әр аумағында болған психикалық күйзелістерге ұшыраған жандардың емдеу-еңбек ету шеберханаларының жүйесін қайта қалпына келтіру қажет. «Кеңес Одағы тарағаннан кейін олардың барлығы жабылды, қазіргі күні ондай шеберханалар Қазақстанның ешбір аймағында жұмыс істемейді. Біздің мақсат Астанадағы Медициналық орталықтың жанынан темір және ағаш ұсталығы цехтары мен шағын  баспахана ашып, науқастарымызды жұмыспен қамту», - деп атап өтті ол.

Мамандардың айтуынша, психикалық науқастар отбасында тұрмайды, олардың басым көпшілігінде жанұялары мүлдем жоқ, оның үстіне мұндай науқастарға қоғамның көзқарасы көбіне-көп негативті болып келеді. Ал шеберханалар олардың назарын еңбекке аудартып, сауығуына ықпал ететін болады.  

Сондай-ақ олар, бұрын науқастардың тапқан қаражатына аталмыш Медициналық орталық өзінің емдеу-еңбек ету шеберханасын салғанын айтады. Бірақ қазір олар  бос тұр. Ал олардың жұмысын қайта жандандыру үшін мемлекеттің және үкіметтік емес ұйымдардың тарапынан қолдау қажет.

Е.Нұрқатов психикалық күйзелістерге ұшыраған жандарға балға-шегені бірден ұстатпайтындарын да айтады. Ең алдымен, оларға іріктеу, бұрынғы жұмысына қайта бейімдеу және басқа салаға мамандандыруды жүргізетін Оқыту-даярлау орталығы құрылатындығын жеткізді. «Бұл мәселе де мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың көмегін қажет етеді», - деді директор.

Дөңгелек үстел отырысының нәтижесі бойынша құзырлы мемлекеттік органдарға Астана қаласында емдеу-еңбек ету шеберханаларын салу ұсынымдары әзірленді.

Соңғы жаңалықтар