Психологтар адамның жеке өміріндегі бақытсыздықтың сырын ашты

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ психологтарының зерттеуіне қарағанда, жеке өмірдегі сәтсіздіктер (өмірлік серігін дұрыс таңдай алмауы, жалғыздық) адамның отбасы мүшелерімен өзара қарым-қатынасына байланысты екен.

Психологтар адамның жеке өміріндегі бақытсыздықтың сырын ашты

Сарапшылар 15 жыл бойы 2970 жасөспірім туралы мәліметтерді жинақтаған. Осы уақыт ішінде бұл бозбалалар мен бойжеткендер ержетіп, отбасын құрған.

Атап айтқанда, ерте жасынан ата-анасымен түсіністікте болған балалардың отбасылық өмірінде ешқандай проблема байқалмаған. Ал балалық шағында ата-анасымен сыйластық болмағандардың жеке отбасында да қарым-қатынас қиын қалыптасқан.

Психологтардың пайымынша, ата-анасы мен жасөспірімдер арасындағы қарым-қатынастың бейбіт немесе желікпелі болуы балаларының 15 жылдан кейінгі өмірінде де олардың романтикалық қатынастарының сәтті қалыптасуына ықпал етеді.

Осы орайда, мамандар балалық шақта адам ата-анасымен қалай сыйласып үйренсе, ол өзге адамдармен қатынастарда өзін солай көреді деп түсіндіреді. Яғни, адамдар романтикалық қарым-қатынастарын жас кезінде қалыптасқан сана-сезіммен құрады және оны өзгертуге қауқарсыздық танытады, деп жазады Росбалт.