Психологтар ерлі-зайыптылардың қалай пессимистке айналатындарын анықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Психологтар 11 жыл бойы жалғыз тұратын және отбасын құрған адамдардың денсаулығына талдау жүргізді. Олардың айтуларына қарағанда, денсаулыққа тек бақытты отбасылық өмір ғана пайдалы көрінеді.
Ал жылдар бойы созылған ұрыс-керіс ерлі-зайыптылардың оптимизмін құртып, оларды беймаза және пессимист адамдарға айналдырады екен. Іріктеліп алған респонденттер анкета арқылы көптеген жылдар бойы отбасылық өмірді, қарым-қатынастардағы қарбаластықты суреттеп жүрген. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін қатысушылардың «эмоционалдық іс-қимылына» тестілеу жүргізіліп отырған. Оларға бейтарап, жағымсыз және позитивтік тұрғыдағы әртүрлі 90 сурет көрсетілген. Отбасылық өмірдегі жанжал жайында жиі әңгіме қозғайтын қатысушылар суретте көрсетілген жағымды әрі позитивтік бейнелерді еш елемеген көрінеді. Ғалымдардың тұжырымына қарағанда, ұзаққа созылған ұрыс-керіске толы қарым-қатынастар салдарынан адамдарды көңілсіздік жайлап, ол депрессияның алғашқы белгілері ретінде көрініс беруі мүмкін. Сондықтан жақсы отбасылық өмірде ғана адамдар өздерін жайлы сезінеді, деп жазады Росбалт.