Психологтар реестрі жалған мамандарға тосқауыл бола ма
АСТАНА. KAZINFORM – Сенат «Психологиялық қызмет туралы» заңды мақұлдап, саланы реттеуге бағытталған жаңа талаптарды бекітті. Жаңа құжат психологтардың жұмысына қалай әсер етеді? Бұл сұраққа отбасы психологы Ержан Мырзабаев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында жауап берді.
Оның пікірінше, заңдағы өзгерістердің басым бөлігі психологиялық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған. Әсіресе клиенттің құқығы мен психологтың жауапкершілігін нақтылайтын нормалардың маңызы зор.
– Заңда психологиялық құпия қорғалатыны айтылды. Бұл – ең тиімді тұс. Бұрын бұл тек психологиялық этикаға жататын. Бұдан бөлек, екі тарап келісімшарт жасасуы тиіс. Психолог алдымен тұтынушыға қандай методикамен жұмыс істейтінін толық түсіндіреді, – деді ол.
Сонымен қатар Ержан Мырзабаев заң жобасында әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстар бар екенін айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік тізілімнің енгізілуі жалған мамандар мәселесін толық шеше қоймайды.
– Реестрге тек дипломы бар психологтар кіреді деп жатыр. Бірақ мұның осал жағы бар. Жалған психологтар реестрге қосыла алмайтыны түсінікті. Алайда бұл оларға кедергі болмауы мүмкін. Олар әлеуметтік желідегі парақшаларында қызмет сипаттамасын өзгертіп, «рухани тәлімгер» деп өзін таныстырып, жұмысын жалғастыра береді. Заңда мамандық ретінде қарастырылмаған бағыттарды толық реттеу қажет еді. Оның ішінде бақсы-балгерлер, тарологтар мен нумерологтар да қамтылуы тиіс, – деді спикер.
Психолог мұндай тәжірибенің шетелде қалай қолданылатынына да тоқталды.
– АҚШ-та психологтар қызметін желіде жарнамалайды. Онда қауымдастықтардың психологтар тізілімі бар. Адамдар сол жерден өзіне қолайлы маманды таңдап, соған жүгінеді. Бірақ бұл жүйе біздің елдегідей мемлекеттік деңгейде реттелмеген, – деді Ержан Мырзабаев.
Сұхбат соңында спикер қоғамның психологиялық сауатын арттыру маңызды екенін атап өтті.
– Қазір «психологтың айтқанын істеп, өкініп қалдым» деп жүрген адам көп. Бірақ психолог сау адаммен жұмыс істейді. Ал психикалық ауытқуы бар адамдарды психиатр емдейді. Сондықтан психологқа барған адамның жауапкершілігі өзінде қалады. Психологтың айтқанын орындау не орындамау – әр адамның өз таңдауы, – деді спикер.
Бұған дейін мамандар психолог пен психиатрдың негізгі айырмашылығын талдаған болатын.