Психоневрологиялық интернат тәрбиеленушілерінің футбол турнирі - фоторепортаж
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордада психоневрологиялық ауытқушылығы бар жандар арасында мини-футболдан SENI CUP турнирі өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірлік жарыс осымен екінші жыл Астанадағы «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығында өтіп жатыр. Бұл жарысқа елордадан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды облыстарынан 10 команда келді, жалпы саны 56 спортшы бақ сынайды. Ал, келесі аптада Алматыдағы республикалық турнирде жеңіске жеткен команда Польшаның Торунь қаласындағы әлемдік турнирге жолдама алады.
Турнир тарихы
1992 жылы Польшаның Торунь қаласында алғаш рет мүгедектердің жергілікті футбол ойындары өткен болатын. Оған Торунь таңғыш материалдар зауыты (TZMO) демеушілік еткен. 2000 жылдары TZMO қызметі Еуропаға кеңінен таралып, әлеуметтік жоба ауқымы да кеңейе түскен. Қазіргі таңда SENI Cup турнирлері Польша, Ресей, Украина, Белоруссия, Германия, Мажарстан, Чехия, Словакия және Балтық елдерінде өтеді.
SENI Cup турнирі психоневрологиялық интернат тәрбиеленушілері арасында өтеді. Ондағы міндеттердің бірі – өзара құрмет принциптеріне сүйене отырып, қоғам мен ақыл-ой дамуында ауытқуы адамдарды біріктіру. Турнирге қатысу және футбол алаңындағы жеңістер тек дене шынықтыруға ғана әсер етіп қоймай, қатысушылардың өз күшіне деген сенімін нығайтады, өз-өзін бағалауды арттырады.
Сонымен бірге, SENI Cup күнделікті күйбең тірліктен арылып, психоневрологиялық ауруға ұшыраған жандардың өзара достар табуына, әлеуметтік ортаға бейімделуіне мүмкіндік береді.
SENI Cup карантинде де турнир ді тоқтатпады
Алғаш рет Қазақстандағы SENI Cup мини-футбол турнирі 2017 жылы Алматы қаласында өткен еді. Содан бері жеті жыл бойы бұл турнир психоневрологиялық интернат тәрбиеленушілері арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Үш жыл бұрынғы коронавирус пандемиясында да SENI CUP турнирі үзілген жоқ. Осылайша, 2020 жылғы турнир Facebook және Instagram желілерінде онлайн режимде өткен. Оған Қазақстанның түрлі қалаларынан 9 команда қатысқан.
Онлайн турнирде командалар апта сайын сәлемдесу, жонглер жасау, дриблинг, үздік бомбардир, ұран бойынша тапсырма алып отырған. Бір аптада видеоларын өз парақшаларына жүктеп, seniclubkz парақшасын белгілеп салып отырды. Осылайша, жеңімпаздар бейнежазбаға қарай анықталды.
Бүгінде польшалық ТZМО гигиеналық, косметикалық және медициналық өнім өндіріп, әлемдік нарыққа шығаратын компанияға айналды. 20 жылдан астам уақыт бойы бұл өнімдерді Қазақстан нарығына OASIS GROUP DISTRIBUTION компаниясы ұсынып келеді. Қазақстандағы турнирдің басты ұйымдастырушысы да – осы ұйым.
«Бүгін біз зияткерлік мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін SENI CUP аймақтық турнирін өткіземіз. Оның жеңімпаздары келесі аптада Алматыдағы республикалық жарысқа барады. Ондағы бас жүлде – Польшаға халықаралық чемпионатқа сапар болады. Жалпы, бұл бастама әлеуметтенуге және қоғамға бейімделуге бағытталған. Биыл бізді «Нұрлы жүрек» дағдарыс орталығы тағы да қолдады, бізге футбол алаңы мен өз командасын ұсынып отыр», - деді компанияның басқарушы директоры Анатолий Журавлев турнирдің ашылу салтанатында.
Интернат тәрбиеленушілеріне спорттың пайдасы көп
Биыл 28-31 тамыз күндері Польшаның Торунь қаласындағы SENI CUP әлемдік турнирінде қарағандылық Арнайы қызмет көрсету орталығының «Арлан» командасы ел намысын қорғап, жүлделі екінші орынды иеленді. Орталық директоры Аслан Мекентайұлы команданың өте тәжірибелі екенін айтады.
«Біздің орталықта 18 бен 70-80 жас аралығындағы 254 адам тұрады. 2017 жылдан бастап SENI CUP турниріне қатысып келеміз. Тіпті, 2019 жылы Польшадағы әлемдік жарысқа жолдама алған едік, бірақ карантин салдарынан бара алмай қалдық. Былтыр Астана және Алматы қалаларында жеңіске жетіп, Польшаның Торунь қаласына бардық. Ол жақта 7 мемлекеттен келген 36 команда арасында жарыс өтті. Жүлделі екінші орын иеленіп, Қазақстанның көк туын көтердік. Польшалықтардың айтуынша, біз Қазақстаннан келіп, жүлделі орын алған жалғыз командамыз», - деді Аслан Мекентайұлы.
Футболдан бөлек, орталық тұрғындары спортты жақсы көреді, жыл бойы бассейнге барып, шаңғы, волейбол, үстел теннисімен айналысады.
«Себебі, жұмыс болмаса, белсенді жаттығу болмаса өмір сапасы нашарлайды, кешке ұйқысыздық болады. Спортқа жақын адамдар өмірге зиянды нәрсе істемейді, өзін ұстауды үйренеді, ұшаққа мініп, ел мен жер көреді. Еуропа көшелерінде «Алға, Қазақстан» деп көк туымызбен жүрдік, олардың патриоттық сезімін сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Тіпті, спорттың арқасында бұрын қабылдап жүрген дәрілерді азайтып жатыр. Енді үлкен жабық ғимарат салып, футбол жаттығуын қысы-жазы үзбей өткізгіміз келеді», - дейді спикер.
Сонымен бірге, А. Мекентайұлы мұндай турнир өткізуде медицинадық мамандардың еңбегі орасан зор екенін жеткізді.
«Өйткені, ойын барысында түрлі жағдайлар болады. Мысалы, әлемдік чемпионатта Германиядан келген ойыншы бапкерді ұрып жіберді. Біздің орталықтың медбикесі 11 сағат ұшақта, 12 сағат пойызда ойыншылардың қан қысымын тексеріп, жарыс алдында дәрі-дәрмегін уақтылы беріп қадағалап отырды. Бұл салада жұмыс істеу үшін үлкен жүрек керек. Орталықта өзімнен жасы үлкен науқастар тұрады, күнде жұмысқа келгенде олар «Әке» деп алдымыздан жүгіріп шығады. Көзіңе еріксіз жас келеді. Сондықтан, үлкен мейіріммен емделушілердің жағдайын барынша жасауға тырысамыз», - дейді А. Мекентайұлы.