ПТР анықтамасы жоқ 3 шетелдік депортацияланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Садуақас Байғабылов халықаралық әуе рейстермен келген шетелдіктердің депортациялану себебін және екі күнге карантинге жатқызылған қазақстандықтар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ПТР анықтамасы жоқ 3 шетелдік депортацияланды

Садуақас Байғабұловтың дерегінше, 19 қазан күні түнде 10 халықаралық әуерейспен 1 136 жолаушы келген. Оның 938-і анықтамасы болса, анықтамасыз келген Қазақстан азаматтарының саны - 198.

Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласына 6 рейспен келген 565 жолаушының 424-інде анықтама болса, 141-інде анықтама болмады. Алматыға 3 рейспен 494 жолаушы келді. Оның 446-сы анықтамамен, 48-і анықтамасыз жеткен. Ал Ақтауға 1 рейспен ұшып келген 77 жолаушының 68-і анықтамамен, 9-ы анықтамасыз келген.

«Анықтамасыз ұшып келген Қазақстан азаматтары ПТР сараптама тапсыру үшін Нұр-Сұлтан, Алматы және Ақтау қалаларында карантиндік стационарға жатқызылды. COVID-19-ға арналған жедел тесті тапсырғаны туралы анықтамасы жоқ 3 шетелдік - Ресей, Өзбекстан, Армения азаматтары депортацияланды», - деді ол.