Пулеметші Пірназар

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-«Өткен күнде - белгі жоқ». Неге болмасын? Адам ғұмырында елеулі із қалдырған оқиғалар ұмытылмасы анық. 
None
None

Мысалы, өткен күннің әр сәті соғыс және еңбек ардагері Пірназар Мырзатаевтың санасында өшпестей жазулы тұр. Өзінің ғасырға қадам басқан өмір жолында атамыз небір кепті басынан өткерді.

Аймақтың бас басылымы облыстық  «Сыр бойы»  газетінде (авторы Жұмабек  Табынбаев) жарияланған мақаланы  «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандарына  ұсынады.

«Бүгінгі күн - ертеңгі тарих» деген бар. Неткен керемет сөз. Ашаршылықтың апатынан, соғыстың сұрапылынан аман қалып, бар ғұмырын ұрпағының өсіп-өркендеуіне арнаған аға буын өкілдері қандай сый-құрметке де лайықты. Біздің егеменді елімізде солай болып та келеді. Соның бірі осы қан майданда пулеметші болған Пірназар ақсақал десем артық емес.  

Пірназардың балалық шағы ауыр жағдайда өтті. Есін енді біле бастағанда жалпақ жұртты баудай түсірген аштықтың зардабын тартты. Әр жерде ісініп-кебініп өліп жатқан мәйіттерді көзімен көрді. Теңізге жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындары жағаға толқын шығарған балықтардың қураған сүйек-қаңқасын қара суға қайнатып қорек қылатын. Кеңестік солақай саясаттың салқыны тигендердің бірі - Мырзатаевтар әулеті. Олай деуімізге  төмендегі дерек дәлел болады.

Пірназардың әкесі Құлсары үлкен ғұлама, тақуа адам еді. Ел-жұртына беделі зор тұғын. Ал дінге жау болған коммунистік идеология ізімен жүрген қоғамда жас Пірназардың комсомолға алынбау қаупі туындады. Амалсыздан әкесінің атына емес, атасы Мырзатайдың есіміне жазылуға мәжбүр болды. Ұлы Отан соғысы бұлардың шаңырағына ауыр қаза әкелді. Нақ осы күні Пірназардың анасы Жәмила дүниеден озды. Колхозда басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқаратын жалғыз ағасы Қайыпназар алғашқылардың легінде әскерге аттанды. Соғыстың қатал заңынан тіпті анасының жерлеуіне де қатыса алмады. Ленинградта, Свердловскіде әскери зауытта жұмыс істеген ағасы денсаулығының нашарлауына байланысты кейін елге оралды. Жазылған соң қайтадан майданға жіберілді.

Пірназардың өзі қақаған қаңтарда тұңғыш рет соғысқа қатысты. Әдепкіде Орынбор қаласында әскери жаттығудан өткен бұларды Сталинградты қорғауға әкелді. №200 атқыштар полкінің атқышы ретінде жаумен шайқасты. Мұнан соң Киев, Харьков, Минск, Кишинев, Варшава, Будапешт, Вена қалаларын азат етуге бастан-аяқ қатысты. Құралайды көзге атқан қазақ баласы бұл кезде пулеметші болатын. Жау мергендерінің Кеңестің командирлері мен пулеметшілерін аңдып ататын әдеті бар-ды. Пірназар талай ажалдан аман қалды.

Совет жауынгерлері Днепр өзеніне жетті. Осы жерде қиян-кескі шайқас¬ басталды. Жауға оқты қарша боратқан пулеметші Мырзатаев батырлығымен көзге түсті. «Қызыл Жұлдыз», «Ұлы Отан соғысының  ІІ дәрежелі» орденімен марапатталды. Жеңіс күнін Пірназар немістің ірі қаласы Милькте қарсы алды. Кеңес жауынгерлерінен үрейленген жергілікті тұрғындар үйлерінің төбесіне самсатып қызыл туларды іліп қойыпты. Сол қалада, ішінде Пірназар да бар, эшелон толы адам жолға шықты. Тұтас тәуліктер жүрді. Ақыры бір қалаға келіп тоқтады. Солдаттардың бәрін сапқа тұрғызды. Кеудесінде батырдың алтын жұлдызы жарқыраған майор қатар түзеп тұрған жауынгерлердің арасынан  37 солдатты таңдап, жазып алды. Солардың бірі Пірназар болатын. Келесі күні іріктелген адамдар қайтадан жолға шықты. Тағы да алып қалаға енді. Әскерді бастап келген майор «бұл Чехославакия мен Германияның шекарасындағы Гомонд деген қала. Сендер бүгіннен бастап әскери комендатураға бағынасыңдар» деп мән-жайды ұғындырды. Гомондта Пірназар тура бір жыл қызмет етті.

1946 жылы Пірназар ауылға қайтты. Сол жылы Ақтөбенің Шалқар ауданының тумасы Хадиша есімді қызбен бас қосты. Елдегі ағайынның соғыс ауыртпалығынан әлі арылмаған кезі болатын. Көршілес ауданда тұратын қарындасына қыдырып барған Пірназар қиындыққа тап келді. Теңіз айдынының мұзы бұзылып, аудан орталығымен қатынас үзіледі. Жағалаудағы балықшылардың үйінде азық-түлік таусылды. Аштық басталды. Адамдардың алды аштықтан ісіне бастады. Балықшыларда сойып жейтін жандық да, ірі малда жоқ. Ортадағы жалғыз жылқыны союға тура келді. Әбден титықтаған аш адамдар биенің сойылып бітуін күтпестен бауыздау қанына тап берді.

Осындай сәтте Пірназар көке Хадишаның шұңқырда талып, құлап жатқанын байқайды. Әйелінің аузына не тамызарын білмей жан ұшырады. Ажалы жоқ екен. Егіліп жылап жүрген қарындасы бір түйір шекер тауып алыпты. Соны суға шайып ерітіп беріп, аман алып қалды.  Көп ұзамай аудан орталығындағылар арнайы ұшақ жіберді. Әдепкіде ұшқыш бұларды таба алмапты. Келесі айналымда байқап қонбастан айнала ұшып азық-түлік тастап кетті. Осылайша бір қауым ел тіршілікпен қайта  қауышты.

Пірназар Мырзатаев ферма есепшісі, сауда орталығында қызмет атқарды. Ұялы балық зауытының балық қабылдау баржасында, су таситын двинада шкипер болып жұмыс істеді. Бертін келе Қазалы ауданына қоныс аударды. Мұнда да түрлі салада еңбек етті. Ұлы Отан соғысының ардагері Пірназар Мырзатаев  «Қазалының  қаһармандары» атты кітапқа енді. Жұбайы Хадиша әжемізбен бірге ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Қазіргі таңда майдангер  ақсақал  бауырынан өрбіген перзенттерінен 22 немере, 21 шөбере сүйіп отыр.

Соңғы жаңалықтар