Пушкиннің достары туралы Ә.Спанның кітабы жарық көрді

АСТАНА. Ақпанның 25-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Орыс халқының ұлы ақыны Александр Пушкиннің лицейде бірге оқыған досы Владимир Вольховскийдің қазақ жерін зерттеуі, оның өмір жолы мен еңбегі маңғыстаулық жазушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Әбілқайыр Спанның «Пушкиннің досы Вольховский» атты кітабына өзек болып отыр,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Алматы қаласындағы «Нұрлы әлем» баспасынан жарық көрген кітапта ХІХ ғасырда қазақ жеріне жасалған экспедиция туралы жан-жақты жазылған. Кітапта «Тұңғыш Үстірт экспедициясы» тақырыбымен 1825 жылы желтоқсанның 16-сы күні Ресейдің ғалымдары мен әскери адамдарының қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау өңіріне шыққан сапарлары туралы жазушының зерттеуі берілген. Автор Үстіртті зерттеген алғашқы ғылыми- әскери экспедицияға Пушкиннің лицейде бірге оқыған досы Владимир Дмитриевич Вольховскийдің қатысуы ерекше назарын аудартқанын жазады. Одан әрі: «Өкінішке қарай ол (В.Д.Вольховскийді айтып отыр ? А. С.) бұрын декабристермен байланыста болғаны үшін экспедиция 1826 жылы наурыздың 3-інде Сарайшыққа оралысымен тұтқынға алынып, Санкт-Петербургқа ? декабристер ісін тергеу комиссиясына шұғыл жөнелтілген»,- деген дерек келтіреді.Осы кітапта В.Вольховскийдің өз қолымен салған Сарайшық бекінісінің планшеті, Үстірт картасының топографиялық журналы, сол сапарға қатысқандардың фотосуреттері берілген.Автор «Капитан қызы» қалай жазылды?» деген бөлімінде А.С. Пушкин мен В.Д.Вольховскийдің арасында жазысқан хаттары, аталмыш шығарманың өмірге келуі жайлы баяндалады. Ұлы Пушкин 1835 жылы шілденің 22-сі күні досы В.Вольховскийге жазған хатында өзінің Пугачев көтерілісіне қатысты жазған соңғы кездегі шығармасын жіберіп отырғанын, осы кітабына байланысты досының пікірі өте бағалы екендігін атап өтеді.«Әбілқайыр Спанның «Пушкиннің досы Вольховский» кітабында орыс халқының зиялылары туралы көп мәліметтер беріліп отыр. Маңғыстау өңірінің алғашқы зерттелуі де осы кітапта жан-жақты жазылған. Бұл шығарма Қазақстан мен Ресейдің ынтымақтастығын дамытуға, қазақ және орыс халқының достығын нығайтуға қызмет етеді»,- дейді Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев. Осы кітаптан Орынборда тұрып ғылыми зерттеулермен айналысқан, Үстірт сапарына В.Вольховскиймен бірге шығып, достасып кеткен Эдуард Эверсманн жайлы, оның қазақ жері туралы жазған еңбектері жөнінде біраз мағлұмат алуға болады. А.С. Пушкиннің досы Иван Пущин туралы да зерттеу берілген.Сондай-ақ кітапта 1834 жылы А.С. Пушкиннің Ақ Жайық өңіріне келген кезде қазақ халқының салт-дәстүрлерімен танысқаны, «Қозы Көрпеш ? Баян сұлу» жырын жазып алғаны туралы мәліметтер келтірілген.
Соңғы жаңалықтар