Путин Қадыровты Шешенстан басшысы қызметінде қалдырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресей президенті Владимир Путин сайлау өткенге дейін Рамзан Қадыровты Шешенстан басшысының міндетін атқарушы ретінде тағайындау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Би-би-си.
Бұл шешімді Қадыровтың өкілеттік мерзімі 5 сәуірде аяқталатын болғандықтан қабылдады, ал сайлау қыркүйекке белгіленген. Путин Қадыровтың алдағы сайлауға қатысатынына сенім білдірді.
«Шешенстан тұрғындары мен халқы сайлау науқаны және сайлау барысында республика үшін жасаған істерің үшін лайықты бағасын береді деп ойлаймын», - деді Путин.
Рамзан Қадыров ақпанда журналистерге лауазымын басқа адамға беруге әзір екенін мәлімдеген. «Менің уақытым жеткен сияқты. Әр адамның тоқтайтын кезеңі болады. Қадыровқа да сол шақ жетті деп ойлаймын», - деген болатын ол НТВ арнасына.
Қадыровтың мәлімдемесі ол басқаратын республикада бір уақытта орын алған бірнеше дау-дамайға қатысты айтылған болатын. Алайда Путин Қадыровтың жұмысы тиімді жүріп жатқанын бірнеше рет айтқан, Кремльде оның отставкасы туралы мәселе қаралып жатпағанын хабарлады.