Путин Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас қарқынды түрде дамып келе жатқанын айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльде Владимир Путинмен кездесуінде Қазақстан мен Ресей сауда-экономикалық байланысы нығайту үшін белсенді жұмыс атқарып жатқанына назар аударды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
– Сауда-саттыққа қатысты өте дұрыс айттыңыз. Біз 30 миллиард долларлық межеге қарай нық қадам басып келеміз. Үкіметаралық комиссия Сіздің биыл мамыр айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз кезінде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырумен айналысып жатыр. Аталған сапар аясында көптеген маңызды құжатқа қол қойылды. Тағы бір цифр: күн тәртібінде 178 жоба болса, бүгінде оның 124-і жүзеге асырылды, ал қалғаны іске асырылу кезеңінде немесе таяу арада аяқталады. Мұның өзі өзара қарым-қатынасымыздың қарқыны өте жоғары екенін айғақтайды, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің, АҚШ Президенті Дональд Трамптың және Ресей Президенті Владимир Путиннің Шэньчжэнь қаласындағы үшжақты кездесуінің қорытындысына қатысты пікір білдірді.
– Сізді жуырда Қытайға жасаған сапарыңыздың табысты болуымен, сондай-ақ Шэньчжэнь қаласында өткен саммитке қатысуыңызбен құттықтаймын. Әрине, «үштіктің» отырысын қарап отырып, тарихтың осы бір күрделі кезеңінде, геосаяси ахуал шиеленісіп, тұрақсыздық белең алған сәтте Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қатарға шыққанына қуандым. Бұл, әрине, Владимир Владимирович, Ресей Президенті ретінде Сіздің зор еңбегіңіздің арқасы. Осы жайтқа шынайы қуандым. Ресей – ұлы ел. Мазмұны мен мәні тұрғысынан өте оңтайлы декларация қабылданды. Қазіргі әлемде бұдан зорын күту орынсыз болар еді. Байқауымша, аталған декларацияны әзірлеуге Өзіңіз тікелей атсалыстыңыз. Өйткені жазылу мәнері мен мазмұны маған таныс. Жиі айтып жүрген мәселелеріңіз осы құжаттың негізгі тармақтары ретінде енген екен. Бұл, әрине, ресейлік дипломатияның және Ресей мемлекетінің зор жетістігі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Владимир Путин сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынастың қарқынды түрде дамып келе жатқанына тоқталды.
– Біз Қазақстанда және Ресейде, сондай-ақ түрлі халықаралық іс-шаралар алаңында ұдайы кездесіп жүрміз. Бұл жолы Сіз жасанды интеллектіні дамыту саласында «Сбербанк» ұйымдастырған конференцияның құрметті қонағы ретінде келіп отырсыз. Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытуға баса мән беретініңізді білемін. Сізге сала мамандарының ой-пікірін тыңдау, жастармен, оқушыларымен және студенттермен сұхбаттасу, Ресей мен Қазақстанның жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығы жайында әңгіме өрбіту қызықты боларына сенімдімін. Екі елдің тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді. Отыз миллиард долларлық межеге жақындап қалды. Ұлттық валюталарымыз арқылы есеп айырысу үлесі артып, 90 пайыздан асты. Үкіметаралық комиссия қос тарапта да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, барлық бағытта ойдағыдай ілгерілеп келеміз. Меніңше, біздің тұрақты кездесулеріміз осы үдерістің қарқын алуына белгілі бір деңгейде оң әсер етіп отыр, – деді Ресей Президенті.
Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey форумы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездескенін жазған едік.