Путин Қытай Мемлекеттік кеңесінің премьерін қабылдады

АСТАНА. KAZINFORM – Ресей президенті Владимир Путин Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ли Цянмен кездесті. Кездесу Кремльде өтті, деп хабарлайды ТАСС ақпарат агенттігі. 

Путин встретился в Кремле с премьером  Госсовета Китая
Фото: © Kremlin.ru

Ли Цян Ресейге әріптесі премьер-министр Михаил Мишустиннің шақыруымен келді. Ресей басшысымен кездесу алдында екі елдің премьер-министрлері Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы үкімет басшыларының кезекті 29-шы отырысын өткізіп, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге баса назар аударылды.

Путин мен Ли Цян соңғы рет мамыр айында Ресей басшысының Қытайға мемлекеттік сапары кезінде кездескен. Одан кейін Ресей президенті Қытай премьер-министрін Мәскеуде күтетінін атап өтті.

Ресей президенті Мәскеу мен Бейжің арасындағы өзара сауданың табысты дамып келе жатқанын мәлімдеп, екі ел үкіметтерінің бұл бағыттағы оң жұмыстарын атап өтті. 

«Біздің сауда-саттық қарым-қатынастарымыз табысты дамып келеді. Соның ішінде қытайлық достарымыздың күш-жігерінің арқасында өсіп жатыр. Екі ел үкіметтерінің сауда-экономикалық қарым-қатынастарға көңіл бөлуі өз жемістерін беруде», - деді Путин.

Ресей Президенті бұған дейін өткен Ресей Федерациясы мен Қытай үкімет басшыларының кездесуінің қорытындылары туралы хабардар болғанын айтты. Оның атап өтуінше, тараптар Мәскеу мен Бейжің арасындағы сауда-экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықтың барлық ауқымын егжей-тегжейлі талқылады.

«Өзара тиімді кооперацияға бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды», - деп қосты ол.