Путин президент сайлауына түсуге шешім қабылдауы мүмкін - Рейтер

АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат - Ресей Премьер-Министрі Владимир Путин 2012 жылы өтетін президент сайлауында бақ сынап көруге шешім қабылдауға жақын.

Путин президент сайлауына түсуге шешім қабылдауы мүмкін - Рейтер

Бұл жөнінде «Рейтер» агенттігіне Мәскеудегі жоғары лауазымды дереккөздері мәлімдеген.

2000-2008 жылдары Ресейді басқарған Путиннің енді кезекті рет сайлау додасына қатысуға заңды құқығы бар екенін еске салады агенттік. Өз есімін жарияламауды өтінген жоғары лауазымды тұлға агенттікке: «Менің ойымша Путин сайлауға түседі, ол бұл жөнінде шешім қабылдап қойды», - деген көрінеді.

Есімін жарияламауды өтінген тағы бір жоғары лауазымды адам «Рейтерге»: «Путиннің қайтып келгісі келеді, сөзсіз қайтып келгісі келеді», - деген.

Агенттіктің тағы бір дереккөзі Путиннің сайлауға түсуді ойлайтынын, жеңіске жеткен жағдайда оның реформашы-премьерді тағайындауы мүмкін екенін жеткізген.