Путин: Ресей Қазақстандағы амур жолбарыстарының санын қалпына келтіруге көмектесуге дайын
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға амур жолбарыстарын беру мәселесіне тоқталып, сирек кездесетін жануарларды сақтаудағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы аясында халықаралық ақпарат агенттіктерінің басшыларымен өткен кездесуде Қазақстан Президенті телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева Ресей Президентінің Астанаға жуырдағы мемлекеттік сапары кезінде ең көп талқыланған тақырыптардың бірі Қазақстанға берілген амур жолбарыстары болғанын айтты.
— Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сыйды сапардың «ерекше белгісі» деп атады. Мұны жай ғана экологиялық жоба емес, екі ел арасындағы сенімнің жарқын көрінісі деуге бола ма? — деп сұрады Раушан Қажыбаева.
Владимир Путин амур жолбарыстарын беру табиғатты қалпына келтіруге бағытталған жұмыс екенін айтты.
— Жолбарыстарға келсек, бұл — табиғатты, экожүйені, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қалпына келтіруге бағытталған іс. Бұл бағытта бізге де көмек көрсетіліп келеді. Мәселен, Тәжікстан бізге қар барыстарын берген болатын. Сол үшін тәжік достарымызға ризамыз. Біз амур жолбарыстарының популяциясын сақтап қалу үшін көп жұмыс атқардық. Бұл — әлемдегі ең ірі жолбарыстар. Бұдан үлкені жоқ. Бір кездері Қазақстанда да осындай жолбарыстар болған, — деді Ресей басшысы.
Ол Ресейдің бұл бағытта Қазақстанға көмектесуге дайын екенін жеткізді.
— Егер қазақстандық достарымызға қандай да бір көмек көрсете алсақ, оны міндетті түрде жасаймыз. Бұл жобаның нәтижелерін көрдім, әсер қалдырды. Бізде жолбарыстарды қорғауға арналған арнайы саммит те өткен болатын. Бұл ғажайып жануарлардың популяциясын сақтау мәселесі әлемнің көптеген елін алаңдатып отыр, — деді Владимир Путин.
Ресей Президенті экология саласындағы ынтымақтастықтың өзге де маңызды бағыттарына тоқталды.
— Бұл бағыттағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Әңгіме тек жануарлар дүниесін қорғау туралы емес. Бұл трансшекаралық өзендердің су ресурстарын пайдалану мәселесіне де қатысты. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс көп. Талқылайтын мәселе де аз емес. Барлық жоспар жүзеге асады деп сенемін, — деді ол.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапарының ерекше оқиғаларының бірі Қазақстанға төрт амур жолбарысының жеткізілуі болғанын айтқан еді.