Путин шетелдік акционерлерді Каспий құбыр консорциумын қалпына келтіруге көмектесуге шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – Ресей президенті Владимир Путин үкіметпен кездесу барысында Краснодар өлкесіндегі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) мұнай айдау стансасына ұшқышсыз басқарылатын ұшақпен жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды kremlin.ru.

- Бұл - ресейлік ұйым емес, бұл халықаралық ұйым... Ал мұнай, менің түсінуімше, өнімді бөлу туралы келісімдерге сәйкес, шын мәнінде, осы шетелдік акционерлерге тиесілі, осы КҚК құбыры арқылы айдалған мұнай. Менің түсінуімше, бұл компаниялардың өкілдері осы шабуылдың салдарынан келген шығынды бағалауға қатысып, нысанды қалпына келтірудің мерзімі мен мүмкіндіктерін анықтауы керек, - деді Путин үкімет мүшелерімен кездесуінде.
Владимир Путин жөндеу жұмыстарын тездету үшін компанияның шетелдік серіктестеріне жабдықтарды өздері әкелуін ұсынды.
- Егер олар нысанның жұмысын қалпына келтіруге мүдделі болса, онда барлық санкцияларға қарамастан, қажетті жабдықты жеткізуді ұйымдастырсын. Олар мұны өздері жасасын. Сіз серіктестермен байланыс орнаттыңыз деп түсінемін. Ресей үкіметі тарапынан бірдеңе керек болса, көмек көрсетуді сұраймын, - деді ол РФ үкіметі басшысының орынбасары Александр Новакқа.
Америкалық Chevron мұнай-газ компаниясы КҚК мұнай айдау станциясына қатысты жағдайды біледі және бақылауды жалғастырып жатыр.
- Біздің басымдығымыз әрқашан персоналдың, активтердің қауіпсіздігін, сондай-ақ мұнайды сенімді және үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету болып қала береді. КҚК – қазақстандық мұнайды халықаралық нарыққа шығарудың негізгі экспорттық бағыты және көптеген елдер өздерінің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін осы маңызды көлік артериясына сүйенеді, - деп хабарлады компания ТАСС агенттігіне.
Еске сала кетсек, 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының «Кропоткинская» мұнай айдау стансасына ұшқышсыз ұшатын аппаратпен шабуыл жасалды.
ҚР Энергетика минитрлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай айдауда шектеу жоқ екенін мәлімдеді.
Кейіннен Ресей Тергеу комитеті Каспий құбыр консорциумының азаматтық нысандарына жасалған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.