Путинцева WTA рейтингінде Диасты басып озып, Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Юлия Путинцева спорт жолында алғашқы рет Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды, деп хабарлады Vesti.kz. Бұл туралы Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) өз рейтингін жаңартқаннан кейін белгілі болды.

Путинцева WTA рейтингінде Диасты басып озып, Қазақстанның бірінші ракеткасы атанды

Теннис бойынша Австралияның Ашық чемпионатында сәтті ойын көрсетуінің арқасында 21 жастағы Путинцева 16 сатыға көтеріліп, WTA рейтингінде 64-ші орынға табан тіреді. Бұл - WTA рейтингінде Путинцева үшін үздік көрсеткіш. Бұрын ол 70-ші сатыдан жоғары көтерілмеген.
Қазақстанның бірінші ракеткасы болған Зарина Диас 12 сатыға төмен түсіп, рейтингте 69-шы орында. Тағы бір қазақстандық теннисші Ярослава Шведова Аustralian Open-нен кейін 70-тен 83-ші сатыға төмендеді.
Рейтингте америкалық теннисші Серена Уильямс көшбасшылықты сақтап қалды. Финалда 6:4, 3:6, 6:4 есебімен Серена Уильямсты жеңген Australian Open жеңімпазы неміс теннисшісі Ангелика Кербер алты орынға көтеріліп, екінші орынға жайғасты. Үшінші жолда румындық Симона Халеп тұр.