ПЖКР: 6 404 қатысушы «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне жіберілді

Президенттік жастар кадр резервіне үшінші іріктеуге қатысуға құжаттарды қабылдау аяқталды. ҚазАқпарат бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

кадрлық резерв
Фото: Мелекеттік қызмет істері агенттігі

Өтінімдерді қабылдауға берілген бір айда жобаның pkrezerv.gov.kz ресми сайтында 30 мыңнан астам адам тіркеліп, оның ішінде 6 404 қатысушы «Мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау» тестілеуіне жіберілді.

Резервке іріктеу 6 кезеңнен тұрады: құжаттарды қабылдау, мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау, ситуациялық тапсырмаларды шешу, құзыреттерді бағалау (ассессмент-орталық және құзыреттілік бойынша сұхбат), сарапшылар комиссиясымен әңгімелесу және Ұлттық комиссияның отырысы.

Президенттік жастар кадр резерві – мемлекеттік басқару жүйесіне креативті және бастамашыл жастарды тартуға бағытталған жоба.

Іріктеу қорытындысы бойынша резервке 50 адам қабылданады. Жеңімпаздар биылғы желтоқсан айының соңында жарияланады.