Qaisar әскери-патриоттық жобасы іске қосылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Әкежан Кеңесов партиялық жобалар туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Qaisar әскери-патриоттық жобасы іске қосылды

Спикердің сөзінше, биыл алғаш рет «Qaisar» әскери-патриоттық жобасы басталды. Оның аясында екі жүзден астам жоғары сынып оқушылары дене шынықтыру дайындығы бойынша сынақтан өтті. «Бүгінде мегаполистің әрбір ауданында белсенді жастар жұмыс істейді. «Жастар рухында» барлығы 4 мыңнан астам адам бар. Қаңтар оқиғасы кезінде партия мүшелері 800-ге жуық отбасына азық-түлік себетін жеткізуге көмектесті. 2000 студент күн сайын ыстық тамақпен қамтылды. 290 адамның үйлеріне дәрі-дәрмек апарып берді. Одан бөлек, 660 азаматқа құқықтық және психологиялық көмек көрсетілді»,- дейді Әкежан Кеңесов.

Ол «Жастар рухының» белсенділері Жеңіс күні қарсаңында «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын ұйымдастырғанын атап өтті. Шара аясында Алматының 20 жалғыз басты зейнеткері қамтылған.

TazaLike жобасы аясында 15 сенбілік өтті. «Жастар қанаты Алматы қаласы мәслихатының депутаттарымен тұрақты түрде кездесулер өткізіп тұрады, ал жастарды қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық кеңестің Алматы қаласындағы жас депутаттар корпусымен бірлесіп 5 көшпелі отырыс өткізіліп, студенттер жатақханаларының құрылыс барысын бақылауға алды»,- деді ол.

Статистикаға сүйенсек, Алматы қаласында 14-35 жас аралығындағы жастар саны – 701 мың.