Qarmet-те 8 сағаттық ауысым: Кеншілер ұзағырақ жұмыс істей ме
АСТАНА. KAZINFORM – Qarmet компаниясының басшылығы қызметкерлер арасында сауалнама өткізіп жатыр. Сауалнаманың негізгі мақсаты – жұмыс кестесіндегі өзгерістер туралы қызметкерлердің пікірін ескеру. Бұл тұрғыда жұмыс ауысымының ұзақтығы қандай жағдайда өзгеретінін агенттік тілшісі нақтылап білді.
Қарағандыда әлеуметтік желілерде кеншілердің 8 сағаттық жұмыс ауысымына көшуі мүмкін деген жаңалық шықты. Бұл өзгеріске көптеген қарағандылық наразы болды. Жұмыс жағдайы қиын болғандықтан, көпшілік бұл жаңашылдықпен келіспейді.
Дегенмен, Qarmet басшылығы өзгертулер көпшілік дауыс берген жағдайда ғана болады деп мәлімдеді, яғни мәжбүрлеуге жол берілмейді.
«Qarmet компаниясы қазіргі кезде қызметтің барлық салаларында перспективті басқару үлгілерін әзірлеумен әрі енгізумен айналысып жатыр.Тиісті жобаларды талдау үшін қызметкерлердің пікірлерін ескере отырып, жан-жақты талқылау жасалады. Айта кетейік, компанияның саясатына сәйкес, жұмыс кестесіне кез келген өзгеріс еңбек заңнамасы және Ұжымдық шарт аясында жұмысшылар өкілдерімен (кәсіподақ ұйымдарымен) белгіленген өзара іс-қимыл тәртібімен қабылдануы мүмкін», - делінген компанияның баспасөз қызметі таратқан мәліметте.
Кеншілердің 8 сағат жұмыс істеуі заңды ма? Бұл сұрақты Қарағанды облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының мамандарына қойған едік. Олардың айтуынша, жұмыс ауысымында жаңа тәртіпті енгізу немесе енгізбеуді жұмыс беруші шешеді. Өйткені, «Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің» 63-бабының 1, 2-тармақтарына сәйкес, еңбек тәртібінің ережесін жұмыс беруші бекітеді.
«Еңбек ету ережесінде қызметкерлердің жұмыс әрі тынығу уақыты, еңбек тәртібін қамтамасыз ету жағдайлары және еңбек қатынастарын реттеудің басқа да мәселелері белгіленеді», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.
Сонымен қатар, Еңбек кодексінің 72-бабы 1-тармағының 1), 2) тармақшаларына сәйкес, күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлуге мына жағдайда рұқсат етіледі:
1) жұмыс қарқындылығы әртүрлі болатын жұмыстарда;
2) егер бұл жұмыскердің әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерімен байланысты болса, оның бастамасы бойынша жол беріледі.
Атап айтқанда, заңға сәйкес күнделікті жұмысты бөлу кезінде, яғни жұмыс ауысымын бөліктерге теңгерімдеу барысында жалпы жұмыс уақыты күнделікті жұмыстың белгіленген ұзақтығынан аспауы керек. Сондай-ақ ауыр еңбек жағдайында жұмыс уақыты аптасына 36 сағаттан аспауы керек.
«Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 69-бабына қарағанда, ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды немесе қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлер үшін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес аптасына 36 сағаттан аспайтын жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленеді», - деп нақтылады облыстық басқарма.
Жұмыс ауысымының ұлғаюы тұрғысында компания басшылығы кеншілердің жалақысы көтерілетінін ескеріп отыр. Дегенмен, нақты шешімді сауалнамаға қатысатын кеншілердің өздері айқындайды.