«Qatar Airways» Қазақстанға әуе рейстерді ашады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылғы 31 тамызда Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысына Қазақстан мен Катар арасында тұрақты әуе қатынасын ашу мәселесі шығарылды.
Нәтижесінде «Qatar Airways» әуе компаниясы 2021 жылғы 15 қазаннан бастап Доха және Алматы қалалары арасында Қазақстанға тұрақты рейстерді орындауды бастауды жоспарлап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Facebook парақшасына сілтеме жасап.
Бұл Қазақстанның Азаматтық авиация комитеті және Катар елінің авиациялық билік органдарының екі ел арасындағы әуе қатынасы саласында құқықтық базаны құру және кеңейту жөніндегі кең ауқымды жұмысының арқасында мүмкін болып отыр.
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуе компания сайтында жарияланған кестеге сәйкес А-320 үлгісіндегі әуе кемесінде дүйсенбі және жұма күндері аптасына 2 рейс жиілігімен орындалады деп жоспарлануда.
Екі ел арасында тұрақты рейстердің ашылуы Қазақстан мен Катар арасындағы сауда-экономикалық, мәдени және туристік қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.