Qazaq Air-ді сату: инвестор бірқатар міндетті орындайды

АСТАНА. KAZINFORM — Жақында «Самұрық-Қазына» Qazaq Air акцияларын сатып алу-сату шартына қол қойылғанын жариялады. Осы орайда Qazaq Air компаниясы елдің әуе көлігі нарығында қызметін жалғастыруына қатысты деректер нақтыланды.

Qazaq Air-ді сату: инвестор бірқатар міндетті орындайды
Фото: Александр Павский/Kazinform

- 2024 жылғы 24 желтоқсанда Қор және «Central Asia Aviation Holdings Limited» ЖК мен «Kazasia Holdings Limited» ЖК арасында «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» ҚР Заңының талаптарын ұстана отырып, міндетті транзакциялық құжаттар пакетіне, оның ішінде «Qazaq Air» АҚ акцияларына қатысты сатып алу-сату шартына қол қойылды. Бұл ретте, сатып алу-сату шартының талаптарына сәйкес, QAZAQ AIR акцияларын сатып алушылардың пайдасына беру алдын ала талаптар орындалғаннан кейін жүзеге асырылады. Сатып алу-сату шартының талаптарында инвестордың Boeing және Airbus (тар фюзеляжды немесе кең фюзеляжды) тобының 20 бортын 5 жыл ішінде (қосымша 2 жылға ұзарту мүмкіндігімен) жеткізу жөніндегі міндеттемелері көзделген, - делінген Самұрық-Қазына» АҚ-ның Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Қол қойылған транзакциялық құжаттардың шарттарына сәйкес, тараптарға құпиялылық талаптарын сақтау бойынша міндеттемелер қойылатынын ескере отырып, қосымша ақпаратты ашу мүмкін емес.

- Мәміленің мақсаты – азаматтық авиацияның отандық нарығын одан әрі дамыту, оның ішінде бәсекелестікті арттыру, Қазақстан Республикасынан/ Республикасына халықаралық тұрақты рейстерді көбейту, жұмыс орындарын құру және басқа да іс-шаралар ескерілген. Бұл өз кезегінде ел экономикасының аралас секторларына – логистикалық салаға, саудаға, туризмге және басқаларға да оң әсер етеді деп қарастырылған, - деп аталып өткен қор ақпаратында.

Еске салсақ, былтыр желтоқсанның аяғында «Самұрық-Қазына» Qazaq Air акцияларын сатып алу-сату шартына қол қойылғанын хабарлады.

2023 жылы Қазақстан Вьетнамның VietJet Air әуе компаниясымен меморандум жасаған еді. 

Соңғы жаңалықтар