Qazaq Air-ға екі рет конкурс жарияланып, сатылмауының себебі неде

АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылдан бері «Qazaq Air» әуе компаниясы екі рет сатылымға қойылды. Бірақ, сауда жасалмады, оның себебін «Самұрық-Қазына» АҚ даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан түсіндірді.

Qazaq Air Астанадан Новосібірге әуе қатынасын жаңартады
Фото: flyqazaq.com

«Өткен жылы «Qazaq Air» әуе компаниясын сату туралы ашық конкурс жарияланды. Бірақ, конкурстың бірінші сатысында ұсыныстар болған жоқ. Сондықтан биыл конкурсты қайта жарияладық. Өкінішке қарай, екінші конкурс та сәтсіз аяқталды. Бірақ, айта кететін жайт, «Qazaq Air» әуе компаниясына қазақстандық және шетелдік инвесторлардан да қызығушылық болды. Біз ұсынған бағамыз 10 миллиард теңге», - деді Салтанат Сәтжан Сенат қабырғасында өткен жиыннан кейін Kazinform агенттігі тілшісінің сауалына жауап бере тұрып.

Оның айтуынша, аталған компанияның Ұлттық қордан алған 38 млрд теңге қарызы бар.

«Qazaq Air-ды сатып алатын инвестор сол қарызды өтеу керек. Қазір біз әуе компаниясын қалай жекешелендіру жағын қарастырудамыз. Ақпанның соңына дейін инвесторлар өз ұсыныстарын бере алады, біз оны қарап, нәтижесін ашық жариялаймыз», - дейді ол.

Еске сала кетсек, жыл басында қайта сатуға қойылған Qazaq Air әуе компаниясының 38 млрд теңге қарызы барын хабарлаған едік

Соңғы жаңалықтар