QazaqGaz майнерлерге газды қымбатқа сатуды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Газ бағасының арзан болуынан ұлттық оператор шығынға ұшырап жатыр. Бұл туралы «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасының маркетинг жөніндегі орынбасары Арман Қасенов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«Ұлттық оператордың 2022-2023 жылдардағы күз және қыс кезеңінде болатын шығынына тоқталып өтейін. Газ және газбен қамту туралы заңға сәйкес, біздің осы саладағы реттеу саясатымыз тиісті жылдың шілде айынан келесі жылдың шілде айына дейін құрылады. Осы орайда алдын ала есептеулер бойынша шығын самасы 184 млрд теңгеге жуықтайды. Жер қойнауын пайдаланушылардан газ 13 750 теңгеден сатып алынса, тасымалдау құны 11 459 теңге болса, газдың бастапқы бағасы 25 209 теңге болуы керек. Дегенмен, орташа алынған көтерме баға 15 419 теңге деңгейінде қалыптасып отыр. Әрбір сатылған текше метрден келетін шығын 10 теңге шамасында», - деді А. Қасенов қоғамдық кеңестің отырысында.

Оның айтуынша, еліміз бойынша орташа бөлшек баға 21 912 теңгені құрады.

«Ал, шын мәнінде қалай болуы керек? Жер қойнауын пайдаланушыдан 13 750 теңгеден сатып алынып, тасымалдауға 11 459 теңге қосылса, осы орайда 25 мың теңге шығып тұр. Ұлттық оператордың 10 пайыз табысы нормасын ескерсек, газдың көтерме сауда бағасы 27 730 теңгеге жетеді. Ал бөлшек сауда бағасы 34 мың теңгені құрауы тиіс», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, бұл қадамдар газдың қосымша көлемін алуға жол ашады.

«Жақын арада ішкі нарықта газ бағасын бір реттік өсірудің салдары ауыр болуы мүмкін. Бізде бөлшек тұтынушылардың 9 санаты бар және оларға тағы екеуін қосуды ұсындық. Бұл ірі коммерциялық тұтынушылар мен цифрлық майнинг саласындағылар. Ірі коммерциялық тұтынушылар – экспортқа бағытталған тасымалды жүзеге асыратындар. Цифрлық майнингтегілер қазіргі кезде арзан газды алып жатыр», - деді Арман Қасенов.

Осы орайда коммерциялық тұтынушылар 2,5 млрд текше метр газды алса, майнерлерге 800 млн текше метр бағытталып отыр.


Соңғы жаңалықтар