«Qazaqstan» ҰА-ның екі бағдарламасы неліктен «мегажоба» аталды
«Мен Қазақпын» және «Жібек Жолы Жұлдызы» жобалары бір уақытта ойластырылған. Бірақ «Мен Қазақпын» жобасында біз ең алдымен қазақтың ұлттық әндеріне, күйі мен термелеріне баса маңыз береміз. Демек, ол бағдарламада біз қазақтың дәстүрлі мәдениетін көрсетіп жатырмыз. Әр түрлі каналдарды құру арқылы бай мәдениеттерімізді байланыстыра білуіміз керек. Тек қана Қазақстанның іші мен шектеліп қана қалмай, байқау барысында Қытайдан, Моңғолия мен Ресейден де өнерпаздарды тарттық. Ал «Жібек Жолы Жұлдызының» сайысы, әлбетте ауқымдырақ. Жоғарыда атап өткенімдей, ол сайысқа 9 елдің әншілері қатысады. Ол жоба заманауи әндерді орындауға бағытталған. Сол себепті, екі жобада Қазақстанның ауқымымен ғана шектеліп қалмағандықтан, аталған екі бағдарлама «мегажоба» деп есептеледі», - дейді Ерлан Қарин.
Оның айтуынша, аталған жобаларды көктемдегі ойластыру кезеңінде «Qazaqstan» ұлттық арнасының ұжымы елдің ішімен бірге, көрші елдердің аудиториясын тартуды мақсат тұтқан. Демек, ұжым шетелдік телекөрермендер қызығып көретіндей «Қазақстандық өнімді» шығаруды көздеген.
«Жобаны «Жібек Жолы Жұлдызы» деп неге атадық? Себебі, мұнда тек қана белгілі бір елдермен шектеліп қалуды көздеп отырған жоқпыз. Мәселен, «Еуровидение» десек, көз алдымызға тек қана Еуропа елдерінің әншілері қатысатын сайыс елестейді. «Түрквижонды» да солай ойлаймыз. Ал біз Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, аталған атауды музыкалық өнерде ауқымды түрде қолданып көруді жөн деп шештік. Сондықтан жобаның атауы өте дұрыс таңдалды деген ойдамын», - деді Ерлан Қарин.
Аталған жобаға Германия мен Қытайдан да қызығушылық танытқан екен. Алайда ұйымдастырушылар алғашқы сайыста 9 елмен шектелуді жөн деп тапқан.