13:20, 07 Қараша 2017 | GMT +5
Qazkom-ға қатысты дақпырт негізсіз - Данияр Ақышев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазкоммерцбанктің қаржылық жағдайы нашарлауда деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысынан кейінгі брифингте ҚР Ұлттық банкі төрағасы Данияр Ақышев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұл шындыққа жанаспайды. Осы жылдың жазында Қазкоммерцбанкті сауықтыру бойынша үлкен мәміле жүргізілді. Қазіргі уақытта банк пруденциалды нормативтердің барлығын орындауда. Өтімділіктің барлық қажетті қорын қамтамасыз етуде. Банкте болған проблемалы қоржынды банктің акционерлері мен менеджерлері тарапынан танылды», - деді Данияр Ақышев БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы бүгінде Qazkom барынша тұрақты әрі тартымды қаржы институты болып отырғандығын баса айтты.
«Оның тұрақтылығы мен төлем қабілетіне қатысты алаңдаушылыққа еш негіз жоқ», - деді ол.