QazVac вакцинасы ағзада қалай антидене қалыптастырады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті індетті аурулар зертханасының меңгерушісі Лесбек Құтымбетов QazVac вакцинасының антиденені қалай қалыптастыратынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұл вакцина инактивтендірілген. Яғни, коронавирус вирусының тұтас вируонынан алынады. Бірінші кезекте аурудың қоздырғышын бөліп шығардық. Одан кейін инфекциялық вирустың белсенді үлкен биомассасын алу технологиясы дайындалды. Осыдан кейін химиялық инактивтендіру технологиясы жасалды. Яғни, вирустық массаны заласыздандырдық. Бұдан кейін 3 кезеңде жоғары деңгейде тазарттық. Бұл вирустық массаның ағза жұмысына кедергі келтірмеуі үшін керек. Екінші жағынан аса қауіпсіз вакцина жасау керек еді. Барлық тазарту жұмыстары біткен кезде химиялық жолмен жансыздандырылған бөлшек қалады. Ол арнайы адъювантпен араласып, ағзадағы иммундық жүйені жандандырады. Вакцинаның құрылымы осылай қалыптасады», - деді зертхана басшысы Zoom платформасында өткен бейнедәрісте.
Маман отандық вакцина жасауға қолданылған технология жылдар бойы сынақтардан өтіп, әбден пысықталғанын еске салды.
«Тек бізде ғана емес, әлемнің көптеген елінде вакцина дайындауға қолданылады. Бұл типтегі вакциналар ағза үшін барынша қауіпсіз болып саналады. Сондықтан бұл вакцина ағзаға қандай да бір қауіп төндірмейтінін айтқым келеді. Вакцинамыз тұтас вируоннан жасалды дедім ғой. Яғни, кәдімгі вирустың құрамындағы бөлшектердің бәрі өлтірілген күйде болады. Сондықтан иммундық жүйеге тұтас күйінде қолдау білдіреді. Осының арқасында қалыптасқан антидене де қуатты болады», - деді Лесбек Құтымбетов.
Еске сала кетсек, 22 сәуірде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты базасында өндірілген QazVac (QazCovid-in) қазақстандық вакцинасының бірінші партиясы жөнелтілді.COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцина сынағының ІІІ кезеңі өтуде.
«QazCovid-in вакцинасы қазіргі уақытта Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында өндіріліп жатқаны туралы хабарлаған болатынбыз.
Сонымен қатар, қазақстандық вакцинаның артықшылықтары туралы да айттық.