QR арқылы басқа мемлекеттерде төлем жасауға мүмкіндік беретін жүйе пысықталып жатыр - ҰБ

АСТАНА. KAZINFORM – QR арқылы ел азаматтарының басқа мемлекеттерде төлем жасауына мүмкіндік жасау тетіктері пысықталып жатыр. Бұл туралы ҰБ Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков

Қозоғистонда банклараро QR тизими жорий этилади
Фото: pixabay

- Өздеріңіз білесіздер, биыл біз мобильді төлемдердің банкаралық жүйесін іске қосқан болатынбыз. Қазір еліміз аумағында банктердің барлығы осы жүйеге кірді. Сонымен қатар банкаралық аударымдар мобильді телефон нөмірлерін қолдана отырып немесе QR арқылы жасалып жатыр. Енді қазір келесі басты мақсат — осы жүйенің тиімділігін одан әрі арттыру, онда жаңа қосымша сервистерді іске қосу. Бұл бағытта біз қазір банктермен өте тығыз жұмыс істеп жатырмыз. Кеше ғана банктермен осы мәселені талқылап келдік. Онда тек қана QR ғана, мобиль төлемдер ғана емес, сонымен қатар жаңағы басқа жаңа қызмет түрлерін кеңейту қарастырылды. Бұл ретте, электронды коммерция саласы, заңды тұлғалар арасындағы төлемдерді жылдамдату — осы мәселелердің барлығы сол жүйенің негізінде жүзеге асатын болады, - деді Е. Ашықбеков Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында. 

Бұдан бөлек ол трансшекаралық, мемлекетаралық төлемдердің тиімділігін арттыру, QR арқылы ел азаматтарының басқа мемлекеттерде төлем жасауына мүмкіндік жасау, сондай-ақ шетел азаматтарының Қазақстан аумағында осы механизм арқылы төлем жасауына мүмкіндік беру тетіктері пысықталып жатқанын айтты. 

- Осы бағытта тиісті қадамдар іске асып жатыр. Қазір бұл мәселе бойынша техникалық, жалпы бизнес-модельдері бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бұл енді бір күнде істелетін шаруа емес. Шетелдік әріптестерімізбен бірлесе отырып, бұл жүйені іске қосудың тұжырымдамалары әзірленуде, жобалары жасалуда. Өйткені әр жүйеге қатысты тиісті техникалық талаптары мен өзіндік жұмыс істеу ерекшеліктері бар. Сондықтан біздің банкаралық жүйені басқа мемлекеттердегі, басқа юрисдикциядағы банкаралық жүйемен интеграциялау мәселесін ескеру керек, - деді ҰБ өкілі. 

Айта кетейік, 2026 жылдың соңына дейін Қытай мен Қазақстан арасында төлем жасайтын QR-код іске қосылатыны хабарланды