QR-төлемдері ҚҚС-тан босатыла ма – Ұлттық банк жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – QR-төлемдерді ҚҚС-тан босату мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Ұлттық банк Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков айтты.
Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері одан: «Бұған дейін Үкімет QR-төлемдерді ҚҚС-тан босатуды ұсынған болатын. Егер Үкімет бұл шешімді қабылдаса бұл банктер белгілейтін комиссия мөлшеріне, атап айтқанда, кәсіпкерлер төлейтін бірыңғай QR комиссиясына қалай әсер етеді?», деп сұраған еді.
Сауалға жауап берген Ерлан Ашықбеков вице-премьер Серік Жұманғаринның төрағалығымен өткен Жобалық кеңсе отырысында қолма-қол ақшасыз төлемдерді салық салудан босату мәселесі қаралғанын айтты.
- Бұл, ең алдымен, жағдайды теңестіру үшін жасалып отыр. Себебі қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, қолма-қол ақшасыз төлемдердің бірқатары, мысалы, карталар арқылы жасалатын төлемдер ҚҚС төлеуден босатылған. Біз ұлттық төлем жүйемізді, соның ішінде бірыңғай QR жүйесін белсенді түрде дамытып жатқандықтан осы жағдайларды теңестіру қажет деп есептедік. Бұл түсініспеушіліктерді болдырмауға, әкімшілендіруді жеңілдетуге және басқа да мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді. Мәселе тұжырымдамалық тұрғыдан қолдауға ие болды. Қазір оның жекелеген тұстарын Үкіметпен пысықтап жатырмыз. Одан кейін заң шығарушылардың қарауына енгіземіз. Ал түпкілікті шешім, әрине, Құрылтайда қабылданады, - деді департамент басшысы.
Айта кетейік, Олжас Бектенов цифрлық теңгенің қолдану аясын кеңейтуді тапсырды.