Qurt лақап атымен белгілі рэпердің үстінен қылмыстық іс қозғалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы полициясы ер адамның жарақат алуына байланысты Qurt лақап атымен белгілі Дамир Қойшыбаевтың үстінен іс қозғады.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, оқиға 30-нан 31 тамызға түні болған.
Желі қолданушысының айтуынша, шешендік өнер курсы сабағынан кейін он шақты студент оқытушыларымен бірге барға жиналған.
Рэпер де сол жерде өз таныстарымен бірге болған. Бір кезде қонақтар арасында дау туындап, ол сыртта төбелеске ұласқан. Пост авторының айтуынша, салдарынан жігіт жарақат алып, ауруханаға жатқызылды.
Медеу аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғады. Оқиғаға қатысқандардың барлығы анықталды.
— Оларды ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу барысы полиция бөлімінің басшылығының бақылауында, — деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, бұған дейін актер Еркебұлан Тоқтарға балағат сөз айтқаны үшін айыппұл салынғаны жазылды.