Р.Эрдоған: Б.Обамамен сөйлесуді доғардым
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркия Премьер-Министрі Реджеп Эрдоған АҚШ Президенті Барак Обамамен телефон арқылы жеке сөйлесуден тыйылғанын мәлім етті, деп хабарлады шетелдік БАҚ.
«Өткен жолы мен Обамаға тікелей қоңырау шалдым. Ендігі уақытта біздің сыртқы істер министрлеріміз өзара сөйлесуде. Өйткені, мен Сирия бойынша күткен нәтижелерге қол жеткізе алмадым», - деді Р.Эрдоған.
«Мен әділдікті күткен едім және әділдік жақтастары саналатындардан мұндайдың шығатынын елестете де алмаймын», - деп қосты Түркияның Үкімет басшысы.
Айта кетейік, Вашингтон мен Анкара арасындағы дүрдараздық АҚШ-тың Сирияға қатысты әскери операция жүргізбеуінен кейін туындаған еді. Ал әскери операцияның орын алуына Р.Эрдоған үміт артқан болатын. Бұдан бөлек Түркия Премьер-Министрі мен Вашингтон арасында Газа секторындағы оқиғаларға қатысты қарама-қайшылықтар бар. Еске алар болсақ, 2 аптаның ішінде Израиль әскері 580-нен астам палестиндікті өлтірген-ді. Осыған орай Р.Эрдоған бұл оқиғаларды «мемлекеттік лаңкестік», «геноцид» деп бағалап, АҚШ-тың Израильге қолдау көрсетуін сынаған болатын.