Ірі қалаларда сусыз отырған халық бар – қайтарлыған активтер есебінен су жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда заңсыз иемденілген активтерді қайтару нәтижесі мемлекетке түскен қаражатпен ғана өлшенбейді. Қайтарылған активтердің есебінен ауылдарға ауыз су тартылып, әлеуметтік нысандар салынып, инвестициялық жобалар іске асырылуда.

елге қайтарылған активтер
Фото: Kazinform

Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Активтерді қайтару қызметінің басшысы Нұрдәулет Сүйіндіков «Bizdin orta» подкастында айтты.

Оның айтуынша, мемлекетке ақшалай қаражатпен қатар жылжымайтын және коммерциялық мүлік, кәсіпорындардағы үлестер, бағалы заттар, зергерлік бұйымдар және басқа да активтер қайтарылған.

– Қазіргі уақытта мемлекет кірісіне нақты қайтарылған активтердің көлемі шамамен 1,3 трлн теңгені құрайды. Бұған қоса, заң субъектілері Қазақстанда инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға 5,2 трлн теңге көлемінде міндеттеме қабылдаған. Осылайша, мемлекетке қайтарылған және ел экономикасына бағытталған активтердің жалпы көлемі 6,5 трлн теңгеге жуықтайды, – деді спикер.

Нұрдәулет Сүйіндіков осы уақытқа дейін мемлекетке қайтарылған ең ірі активтердің бірі шамамен жарты миллиард доллар көлеміндегі ақшалай қаражат болғанын атап өтті. Бұл шамамен 220 млрд теңгеге тең.

Активінің заңсыз жолмен алынғанын мойындамаған немесе оны мемлекетке ерікті түрде қайтаруға келіспеген тұлғалардың мәселесі сот арқылы шешіледі.

Егер сотта активтің заңды жолмен алынғаны дәлелденбесе, ол мемлекет кірісіне беріледі. Спикердің айтуынша, осындай сот шешімдері негізінде 100 млрд теңгеден астам актив мемлекетке мәжбүрлі түрде қайтарылған.

Бас прокуратура өкілі активтерді қайтарудың нақты нәтижесі азаматтардың күнделікті өмірінен көрінетінін айтты.

– Нақты нәтиже мектепте білім алып жатқан бала, емханада ем қабылдаған науқас, спорт залында жаттығып жүрген жасөспірім немесе үйіндегі краннан алғаш рет су ішкен ауыл тұрғынының сезімімен өлшенеді, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Оның айтуынша, қайтарылған активтер есебінен 200-ден астам ауыл ауыз сумен қамтылды.

– Су тапшылығы ауылда ғана емес, республикалық маңызы бар қалаларда да өзекті мәселе болып отыр. Тіпті Алматы қаласының бірнеше ықшамауданында су жоқ. Активтер есебінен Тараздың ықшамаудандарына су өткізіп бердік. Мұндай жобалар бюджетке түсетін жүктемені азайтады, – деді ол.

Жалпы, қайтарылған активтер есебінен 467 жобаны қаржыландыруға қаражат бөлінген, оның 378-і аяқталған. Тіпті, жобалардың басым бөлігі белгіленген мерзімде салынып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар жобаларды іске асыру барысында 6,5 млрд теңге үнемделіп, арнайы мемлекеттік қорға қайтарылған.

Бұл қаражат жаңа әлеуметтік жобаларды, соның ішінде ауылдарға су тарту, балабақшалар мен фельдшерлік-акушерлік пункттер салу сияқты жұмыстарды қаржыландыруға бағытталуы мүмкін.

Бұған дейін Н. Сүйіндіков Қазақстанда адамның ауқатты болуы оның активтерін мемлекет автоматты түрде тексеруді білдірмейтінін айтқан еді.

Подкаст қонағының толық сұхбатын мына жерден оқуға болады.