Ірі қорлар Қазақстанның бағалы қағаздарына 800 млн доллар инвестиция құйды

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында теңге бағамының нығаюына әсер етіп жатқан факторларды атады.

Тимур Сулейменов
Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

— Ұлттық банк те, басқа мемлекеттік органдар да валюта бағамын басқарып отырған жоқ. Біздің бағам ұсыныс пен сұраныс негізінде қалыптасады. Кейінгі аптадағы теңге бағамының нығаюы долларға сұраныс азайып, ұсыныс көбейгенімен байланысты. Бұл жерде қосымша қазан айында базалық мөлшерлемені көтергенімізді де бір фактор ретінде айта кету керек. Базалық мөлшерлемені көтеру арқылы теңге номиналындағы өнімдерді тартымдырақ ете алдық. Бұл өнімдер халықаралық қауымдастық үшін тартымдырақ бола түсті. Қаржы министрлігінің облигацияларын 16 пайызбен сатып алу қандай, 17,5 пайызбен сатып алу қандай? Сәйкесінше халықаралық портфельдік инвестициялар осы нарыққа ұмтылады. Ол инвестициялар доллар күйінде құйылады. Қаржы министрлігінің облигациясын сатып алу үшін теңгемен төлеу керек. Осылайша теңгеге сұраныс артып, доллардың ұсынысы ішкі нарықта артты. Соның есебінен доллар бағамы төмендейді, — деп түсіндірді ол.

Ұлттық банк басшысы бағалы қағаздар нарығында жағымды тенденция байқалып отырғанын айтады.

— Бұған дейін Citigroup, Goldman Sachs сияқты ірі бейрезидент ойыншылар Қазақстаның бағалы қағаздар нарығында әдеттегідей 1 трлн теңгенің активін немесе 2 млрд доллардан астам активті басқарып келсе, қазір ол көрсеткіш 2,8 млрд долларға жетті. Сонда ірі инвестициялық қорлардан қосымша 800 млн доллардай портфельдік инвестиция құйылды. Олар да теңге бағамының тұрақтануына әсер етіп жатыр, — деді Тимур Сүлейменов.

Айта кету керек, бүгін Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі 3 жылдық бірлескен іс-қимыл бағдарламасы таныстырылды. 

Бұдан бұрын Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында елдегі валюта бағамы сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптаса беретінін айтты. Бірақ қажет болған жағдайда реттеуші орган ретінде валюта бағамына интервенция арқылы әсер етуге дайын екендерін атап өтті.